Хабар телеарнасы

208 мың теңге: 55 жасқа толған кеншілерге арнайы төлем беріледі

208 мың теңге... 55 жасқа толған кеншілерге жаңа жылдан бастап ай сайын орташа көлемде осынша арнайы төлем беріледі. Сенат тиісті заңды екінші оқылымда мақұлдады. Енді зиянды еңбек жағдайында яғни тау-кен, өңдеу өнеркәсібі, шахтада жұмыс істейтін азаматтар 55 жастан асса және 7 жылдық зейнетақы аударымы болса, осы төлемге үміткер бола алады. Мамандардың есебінше, қазір елімізде осы санатқа жататын 37 мың адам бар. Олар жұмыс орнындағы кадрлар бөліміне өтініш жазуы керек. Ақша содан кейін тағайындалады және зейнет жасына жеткенше төленеді.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
-Осылайша, Президентіміздің бастамасымен көптен бері елдің көкейінде жүрген мәселелердің бірі өз шешімін тауып отыр. Бұдан бөлек жазатайым оқиғалардан сақтандыру жағдайларын реттейтін нормалар да қамтылды.

Сондай-ақ Сенаторлар Үкіметке депутаттық сауалдарын жолдады. Зәкіржан Күзиев «Қазақстан Темір жолы» Ұлттық компаниясының үстінен тексеру жүргізуді сұрады. Айтуынша, Ұлттық Экспедиторлар Қауымдастығы және өзге де кәсіпкерлердің теміржол арқылы тауар экспорттауы мүмкін болмай отыр. Нақтырақ айтқанда олардың өтініші мақұлданбайды. Ал өзге компаниялар кедергісіз жұмыс жасауда. Бір таң қаларлығы, биыл 400 вагон жолдар да бос тұрған. Жүйесіз тірліктің кесірінен бизнес те, тасымалдаушы компания да табыстан қағылып отыр.

Зәкіржан Күзиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
-Келесі отырысқа біз министрді шақырайын деп жатырмыз және ҚТЖ бастығын бірдеңе жасау керек қой. Қандай жоспарды бар екенін тыңдайын деп жатырмыз. Біз теміржолсыз ештеңе жасай алмаймыз. Теңіз жоқ үлкен шығатын.