Хабар телеарнасы

Риддер қаласында энергетик маман тапшы

Еліміздің шығысындағы Риддер қаласында 100 астам энергетик маман жетпейді. Бұл туралы басы былықтан арылмаған жылу мекемесінің басшылығы айтты. Әзірге қолда бар кадр күшімен станцияда қысқы маусымға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 14 мердігер компаниямен келісім жасалған. Тоқырап тұрған орталықтағы жабдықтарды қалыпқа келтіру үшін Үкімет қорынан 8 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Риддер жылу электр орталығында нағыз қарбалас. Ас ішіп, аяқ суытуға уақыт жоқ. Жұмысшылар осылай құбыр бойына отыра қалып, тамақтанады. Өйткені қыс қыр астында. 50 мың тұрғынның пәтеріне жылу беру керек. Орталықтың жағдайы мәз емес. Мұндағы жұмыс барысын жергілікті белсенділер де бақылап жүр. Клавдия Шушаникова жерлестерімен бірге станцияға жиі келеді. Көңілдерінде күдік көп.

Клавдия Шушаникова, Риддер қаласының тұрғыны: 
- Көргенімізге көңіліміз толып тұрған жоқ. Іселмей жатқан дүние көп. Тіпті кейбір қарапайым жұмыстарға үлгермей жатыр. Бірақ жауапты сала өкілдері жылу мекемесіне қажетті құрал жабдықтың бәрі жеткізілген деп сендіріп отыр.

Әзірге сенбеске амал жоқ. Энергетиктер қыркүйектің 20 дейін 6 қазандықтың төртеуін іске қоспақ. Ал қарашаға қарай станция толық қуатқа көшеді деп отыр. Құрал жабдыққа ақша бөлініп, 700 тоннадан астам құбыр жеткізілген. Ескірген металл құрылымдардың барлығы ауыстырылады. Тіпті жуықта нысанды мемлекеттік меншікке өткізу мақстында инвентаризация басталады. Үкімет қорынан бөлінген 8 млрд теңгенің 3 млрд игерілді. Жөндеу жұмыстары толық аяқталған жағдайда кәсіпорын ары қарай үздіксіз жұмыс істеуі үшін 100 аса кадр қажет. Өйткені бұрынғы меншік иесі тұсында мамандар бұл жерден жаппай жұмыстан шығып кеткен.

Игорь Михайленко, «Риддер ЖЭО» АҚ бас директоры:
- Осы жерде жұмыс істеп, содан соң шыдамай шығып кеткен жұмысшылар қайта келер деген үмітіміз бар. Асыға күтіп отырмыз. Тіпті мен өзім әрбіріне қоңырау шалып, жұмысқа шақырып жатырмын. Өйткені кәсіпорынды ары қарай ұстап тұру үшін кадр керек.

Бұдан былай жұмысшылардың еңбекақысы да өспек. Жалақыны арттыруға және көмір мен мазут алуға кеткен шығын тарифтің өсуіне әкеп соуғы мүмкін. «Алайда бұл тұрғындардың қалтасына салмақ түсірмейді»,- дейді мамандар.

Арман Мәлік, облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы: 
- Ремонт жұмыстарының жүргізілмеуі, инвестициялық бағдарламалардың орындалмауына байланысты департаментпен 553 млн теңге уақытша өтемдік тариф бекітілген. Ол өз кезегінде тарифтің 18% төмендеуіне алып келеді. Қазіргі өсу сол төмендеуден көп болмайды.

Қазір жылу мекемелерінің қыс маусымына әзірлігі тексеріліп жатыр. Жұмыс топтары құрылған. Жылу жүйелері 90%, ал жылу беретін мекемелер 60% дайындықта деген ақпарат бар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов