Хабар телеарнасы

Ақтөбеліктер тұрғын үй құрылысындағы жіберілген қателіктерге наразы

Себебі жарық шамы орнатылған көше бойындағы бағана салынып жатқан баспананың ішінде қалған. Енді оны сыртқа шығару мәселесі көтеріліп жатыр.

Көше бағанасы ішінде қалған үй қала ортасындағы шағын ауданның бірінде салынып жатыр. Соңғы күндері құрылыс жұмысы қызып, қабырғалары көтерілген. Енді таяу күндері төбесі жабылмақ. Сол кезде бағананың жоғарғы бөлігі мен шамы ғана көрінеді. Үй иелерінің айтуынша, темірден құйылған құрылғы өткен дәуірде салынған. Бірақ дәл осы бағана қасында тұрған өзгелер секілді бір желіде емес, сәл қисық салынып, үйге өте жақын тұр. Салдарынан қазір баспана ішінде қалып отыр. 

Закир Аскер, қала тұрғыны:

- Менің ойымша, бұның орналасуы дұрыс емес. Астыңғы қабаты бетоннан, ал жоғарғы бөлігі темірден болуы қажет. Өйткені қаланың барлық жеріндегі бағаналар солай орналасқан. Бірақ қалай болғанда да бұл үй ішінде болмауы керек. Сондықтан сыртқа шығаруды ойластырамыз. Тиісті мекемелерге барамыз. Қажет болса, өзіміз көмектесеміз.

Бұл үйдің құрылысы бес жыл бұрын басталған. Бірақ осы уақытқа дейін көше бағанасының үй ішінде қалатыны баспана салуға рұқсат берген жауапты мекеменің назарынан тыс болған секілді. Өйткені бұл жағдайға енді ғана көңіл бөлінген. Үй ішінен шығып тұрған темір бағананы жуырда мамандар барып көріпті. Қалалық сәулет және құрылыс бөлімі облыстық басқармаға хат түсіріп, бұл жайттың тиісті талапқа сай немесе қайшы екенін білуді сұраған көрінеді.       

Абай Орынбасаров, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Бұл жерде енді шешіледі, облыстық Сәулет және құрылыс басқармасы қадағалау мекемесі қорытынды шығару керек. Тексеріп, анықтайды. Осы мәселені шешу үшін өзі қаражатымен немесе мердігер мекеме арқылы ауыстыруға болады.

Қазір бұл мәселені тезірек шешу үшін тиісті шара қолға алынған. Ал таяу жылдары қала бойынша 9 мың түңгі шамдар орнату жоспарланған.

Авторлары: Әнуарбек Мызатайұлы, Айбек Даутов