Хабар телеарнасы

«Үлкен қаланың музыкасы» атты комедия жарыққа шықты

Қазақстан киноиндустриясы жаңа үлгіде түсірілген фильмдермен толығып жатыр. Соның бірі «Үлкен қаланың музыкасы» деп аталады. Жанры – комедия. «Ересектерсіз әлем» форматында түсірілген кинода тек қана балалар ойнайды. Картина өнерге деген сүйіспеншілік, достық, адалдық сияқты адами қасиеттерді насихаттайды. Фильмнің тұсаукесері Chaplin Cinemas-та өтті.  

Нұрлан қарапайым ауыл баласы. Қолынан домбырасы түспейді. Ән салғанды жақсы көреді. Арманы — үлкен қалаларда өтетін өнер байқауына қатысып, бағын сынап көру. Фильмнің желісі мақсатына жетуге талпынған жасөспірім жайлы. Ол осы жолда шытырман оқиғаларға тап болады. Басты рольді 9-сынып оқушысы Мирас Максимов ойнаған.

Мирас Максимов, 9-сынып оқушысы:
-Осы фильмнің барысында ол түрлі қиындықтардан өтіп, өзінің арманына жетеді. Яғни Алматы қаласына келіп байқауға қатысып, оны жеңіп, өте танымал болып кетеді. Бұл фильм жастарға сынбаңдар, өз арман-мақсаттарыңа жетуге аянбай жұмыс істеңдер деп насихаттайды.

Картинаға барлығы 60-қа жуық бала түскен. Оның 30-ға жуығы кейіпкер болып ойнайды. Ал қалғаны эпизодта бой көрсетеді. Киноның ерекшелігі сол мұнда бірде-бір ересек адам жоқ. Бүкіл рольді балалардың өздері алып шығады.

Азамат Әбділдинов, режиссёр:
-Фильм романтикалық оқиғаға толы. Мұнда өнерге деген адалдық, достық, қызғаныш, алғашқы махаббат та бар. Десе де, басты кейіпкер алған бетінен қайтпайды. Үлкен сахнаға шығып, байқауда жеңімпаз атанады. Картинада біз Айдос Сағатов пен Қайрат Нұртастың өздерінің рұқсатымен бірнеше әнін пайдаландық. Балалар қысылмай, өздерін үлкендерше сезініп сәтті ойнап шықты.

Киноға түскендердің көбі өнер мектебінде оқиды. Актерлік шеберлік курсынан дәріс алған. Сондықтан олармен жұмыс істеу қиын болмаған. Отбасылық комедия 1 мамырдан бастап үлкен экранға шығады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев