+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Текеліде селден көз жұмған 5 жасар қыз жер қойнына тапсырылды

  • Категория: Қоғам
Текеліде селден көз жұмған 5 жасар қыз жер қойнына тапсырылды

Алматы облысының Текелі қаласындағы лай көшкініне нөсер жауын ғана емес, құбырдың жарылуы да ықпал еткен.

Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан мамандар осындай болжам жасады. Айта кетейік, кенді шаһарда топырақ сырғып, қайғылы жағдайдан бес жастағы қыз қайтыс болған еді.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Лай көшкінінің ұзындығы 50, ал ені 25 метрге жетті. Мамандардың есептеуінше, жотадан 4 300 текше метрден асатын батпақ сырғып, бес үйді басып қалған. Оқиға орнына жүзден аса сарбаз жеткізілді. Олар өзге де күштік құрылымдармен бірлесе тазарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Арнайы техника Амангелді Жидебаевтың да ауласын лай балшықтан арылтып жатыр. Екпінмен келген топырақ оның баспанасының бір жақ қабырғасын құлатқан. Өзі екі баласымен бірге терезеден шығып, әрең дегенде аман қалыпты.  

Амангелді Жидебаев, қала тұрғыны:

- Жер дүрсіл-гүрсіл болып, көршілер айқайлап, терезесін қаққан соң шықтық. Қарасақ, үйге келіп қалған екен. Үйге ұрғанда бірақ білдік. Балаларды терезеден шығардық. Айналып, үйге келсек, мына үй жоқ. 

Ал көрші үйдің иелері апат кезінде моншаға түсіп жатыпты. Гүрілдеген дауыс пен жердің сілкінуінен сыртқа жүгіре шыққан олар баспанасының қирағанын байқаған. Ішінде Жанбота есімді қызы қалып қойғанын айтып, көпшілікті көмекке шақырғанымен, оны аман алып қалу мүмкін болмады. Бүлдіршіннің денесі кешке таман қызметтік иттің көмегімен табылды.

Батыр Молдахметов, Текелі қаласының әкімі:

- Жапа шеккен отбасыға материалдық көмек көрсетілді. Олармен кездестік, жерлеу рәсіміне де жәрдем беретін боламыз. Әкімдік жағдайды толық бақылауға алды. Арнайы тексерістен кейін жаңа үй сатып әперу немесе қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.

Моноқалада лай көшкіні болуы мүмкін деген алты қауіпті аймақ бар. Мамандар қазір олардың қандай жағдайда тұрғанын анықтап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қаршадай қыздың өмірін қиған оқиғаның себеп салдарына қатысты да олар өз болжамын айтты.

Мейрам Нұрымбетов, «Қазселденқорғау» ММ аумақтық Пайдалану басқармасының басшысы:

- Желі жарылған. Екі жылдай су аққан. Одан кейін оның үстіне жаңбыр жауған. Енді тау етегіндегі үйлерді зерттеп шығамыз. Қауіпті үйлерді әкімдікке жеткіземіз.

Баспанасы бүлінген отбасылар қазір туыстарының үйін паналап жүр. Табиғи апаттан келген шығын көлемін арнайы комиссия есептеп, сараптама жасайды. Соның қорытындысына сәйкес жапа шеккендерге көмек көрсетіледі.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосынов

Сондай-ақ...