+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Жыланды ауылының балалары апатты жағдайдағы мектепте білім алуда

  • Категория: Қоғам
Жыланды ауылының балалары апатты жағдайдағы мектепте білім алуда

Шығыс Қазақстан облысына қарасты Жыланды ауылындағы мектептің апатты деп танылғанына бір жылдан асты.

Бесқарағай ауданындағы ағаштан салынған бұл білім беру ошағында 70-тей бала оқып жатыр. Жартығасырлық нысанда компьютерлік сынып пен спортзал жоқ. Ал жергілікті билік мәселені шешуге енді ғана кірісіп, елді мекенде жаңа мектептің іргесі қаланды.

Қоңырау үні естілісімен жыландылық оқушылар далаға лап қояды. Өйткені тар мектепте емін-еркін жүріп-тұрудың өзі қиындау. 50 жылдан астам уақыт бұрын ағаштан тұрғызылған білім ошағының бағаналары былтырдан бері үгітіле бастаған.

Ержан Бегімов, мектеп директоры:

- Жыл сайын азын-аулақ қаржы бөліп, жамап-жасқап жөндегендей боламыз. Сыртынан қарағанда мектебіміз әдемі. Бірақ ішкі бағана, қабырғалар мүжіліп жатыр. Оқушылар үшін спорттық-мәдени шара ұйымдастыруға тіпті мүмкіндік жоқ.

Ауылдың 70 баласы екі ауысымда оқиды. Қабырғалары мықтылау деген бөлікке бастауыш сынып оқушылары жайғасқан. Аудан әкімдігінің өкілдері осы жылды әупірімдеп аман-есен аяқтасақ, апатты мектептен құтыламыз деп отыр. 

Алмас Тастенбеков, Бесқарағай ауданы әкімінің орынбасары:

- Арнайы типтік мектеп ішінде спортзалы бар, акт залы бар және де компьютерлік кабинеттер орнатылады. Басталу мерзімі мамыр айы, қазіргі таңда жұмыс жүргізіліп жатыр. Аяқталу мерзімі жылдың аяғына дейін деп жоспарлануда.

Облыстық бюджеттен жарты миллиард теңге бөлініп, 1 гектар жерге  салынып жатқан жаңа мектеп 100 оқушыға шақталған.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов

Сондай-ақ...