Хабар телеарнасы

Қалам Сүйіншәлиев: Алапат соғыстан аман оралуыма көзімнің қырағылығы сеп болды

Қан майданға араласқан 43-тің қара күзінде Қалам Сүйіншәлиев небары 17 жаста еді. Ол зенитті-артиллериялық полктің құрамында Қара теңіз жағалауындағы қалаларды қорғауға атсалысты. Жас жауынгерге жау ұшақтарының бағыт-бағдарын дәл анықтап, зымырандарды соларға қарай туралау міндеті тапсырылды. Жауынгерлік міндетін адал атқарған азамат елге аман-есен оралды. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңде елдің еңсе тіктеуіне үлесін қосты. Келер жылы тоқсанға толатын қария әлі тың. 

Қалам Сүйіншәлиевтің есімі ғылыми ортаға да жақсы таныс. Ұзақ жылдар ЖОО дәріс берген білікті ұстаз профессор ретінде жас буынды тәрбиелеудегі еңбегі зор. «Қызыл Жұлдыз» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Есіктен енгелі тұрған Жаңа жыл қарсаңында Елбасының құттықтауын естіген қария тағы да қуанышқа кенелді.     

Қалам Сүйіншәлиев, Ұлы Отан соғысының ардагері       

–Кеше Елбасымыз бізге түсіндірді. Қараңдар, егемендік ел деген не? Оның табиғаты қандай? Оның экономикасы қандай? Біз қандай дәрежеге жеттік? Әлде де біз осындай дәрежеге жетсек, біз 50 жылдық стартегиялық кезеңдерге де жетеміз. Оған біз даярмыз. Біз оған қуанамыз, біз оны қолдаймыз. 

Ақсақал: «Алапат соғыстан аман оралуыма көзімнің қияндағыны шалатын қырағылығы сеп болды», - дейді. Осы қасиетін байқаған басшылық оны бірден бағыттаушы ретінде зенит полкіне қабылдайды. Өміріне сәттілік серік болған қарияның үш ұлы мен бір қызынан тараған ұрпақтары өсіп-өнуде. 

«Ең басты тілегім - еліміздің амандығы. Елбасымыз жүргізіп отырған саясаттың өзегі де бейбітшілікке негізделген. Сондықтан барымызды бағалай біліп, кемелдікке ұмтылудан ұтылмасымыз анық», - дейді ардагер.        

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Руслан Мырзағалиев, Қанат Махмутов