Хабар телеарнасы

Әбілжан Нұрмағанбетов: Бағалағанға бақ тұрақтайды, еліміздегі татулық пен келісімді сақтауға тиіспіз

Әбілжан Нұрмағанбетов 1942 жылдың желтоқсанында Қостанай облысы, сол кездегі Торғай ауданынан әскерге шақырылды. 17-ден енді ғана асқан бозбала, 3-4 айлық жаттығудан кейін қан майданға араласты. Атқыштар құрамында Украина, Белоруссия үшін болған шайқастарға қатысты. Ол Белоруссия еліндегі арпалыстардың бірінде мойына оң оқ тиіп, ажалдан аман қалған ақжолтай жан. 

Әбілжан Нұрмағанбетов, Ұлы Отан соғысының ардагері 

- Онда сол танковый десант деп танкінің үстіне 7 адамды отырғызып, ілгері кетіп бара жатқан кезімізде, Гомель деген қаланың түбінде, біздің танкілерімізді неміс танкілері атып, жаралы болдым. Жаралы болғанда ес-түсімді білмей қалдым. Кешке таман көлікпен санитарлар алып кетіп, әйтеуір тірі қалдым ғой. 

Қой жылының қарсаңындағы күтпеген құттықтау, Елбасының сәлемі майдангердің мәртебесін өсіріп, көңілін қуантты. 

90-ға аяқ басқан ардагердің санасы сергек. Ел өмірінде болып жатқан оқиғаларды назардан тыс қалдырмайды. Мемлекет басшысы нұсқаған жолмен жүрсек, ұтылмаймыз, - дейді көпті көрген қария. 

Әбілжан Нұрмағанбетов, Ұлы Отан соғысының ардагері

- Президентіміз жөнінде көп айтуға болады. Ол кісі үлкендерге де, жастарға да әрбір сөйлеген сөзінде қамқорлығын айтып отырады. Үлкендерге қамқорлық жасаңдар, жастарды оқытыңдар деп. Жастарды еңбекке баулуымыз керек деп айтып отырады. Оған көптен-көп рахмет!

Ардагер алты бала өсірді. Қазір олардан 12 немере сүйіп, 7 шөбересінің қолынан су ішті. Ақсақалдың айтары: «Бағалағанға бақ тұрақтайды, еліміздегі татулық пен келісімді көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз!». 

Авторлары: Абылай Мауданов, Сергей Трахтанберг