Хабар телеарнасы

Қошанов бастаған бір топ депутат Қытайда ресми сапармен жүр

Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 1,5 млн астам қазақ тұрады.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған депутаттар, аспан асты елінің Қазақстанмен шекаралас аймағына жұмыс сапарымен барды. Үрімші қаласында мәжілісмендер Қытай коммунистік партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесті. Тараптар өңіраралық ынтымақтастықтың жай-күйі мен келешегін талқылады.

Еліміздің Қытаймен сауда-саттығының жартысынан астамы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданына тиесілі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жуырда Үрімші қаласында QazTrade сауда өкілдігі ашылады. Кездесуде Қазақстанда электронды сауданы дамыту үшін қоймалар салу мәселесі де талқыланды. Сондай-ақ көлік-логистика, ауыл шаруашылығы және туризм салаларындағы ынтымақтастық мәселелеріне де назар аударылды.