Хабар телеарнасы

Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Бішкекке барды

17 сәуір күні Қырғызстанның Президенті Садыр Жапаров Қазақстанға ресми сапармен келеді. Оның аясында Астанада қазақ-қырғыз бизнес форумы, сондай-ақ отандық өндірушілердің көрмесі өтеді деп күтілуде.

Ал Үкімет басшысы Олжас Бектенов Президент тапсырмасымен Қырғыз еліне жұмыс сапарымен барды. Қазақстан Премьер-министрін Садыр Жапаров қабылдады. Олжас Бектенов Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәлемін жеткізіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға барлық күш-жігерді жұмсайтынын айтты.

Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаровпен Үкіметтік деңгейдегі келіссөздер барысында тауар айналымын 2 млрд долларға жеткізу жөніндегі бірлескен шаралар талқыланды. Қазақ тарапы 195 тауар позициясы бойынша экспортты тағы 260 млн долларға дейін ұлғайтуға дайын.

Олжас Бектенов 2024 жылғы вегетациялық кезеңде сумен қамтуды реттеу үшін гидронысандардың жұмыс тәртібін бекіту маңызды екенін атап өтті. Ал қазақ-қырғыз шекарасының өткізу қабілеті мен транзитті тартымды ету мақсатында Қарасу, Бесағаш, Аухатты, Сартөбе, Айша бибі, Сыпатай батыр, Кеген өткізу бекеттерін салу және реконструкциялау көзделіп отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Мемлекеттеріміздің басшылары екі ел арасындағы одақтастық пен әріптестікті дамыту мен тереңдетуге ерекше мән береді. Негізгі мақсатымыз – жоғары деңгейде қойылған міндеттерді іс жүзінде толық және тиімді жүзеге асыру. Ағымдағы жылы біздің іс-қимылымыз екіжақты форматта да ортақ интеграциялық бірлестіктер шеңберінде де жаңа оң нәтижелерімен ерекшеленетініне сенімдімін.