Хабар телеарнасы

Олжас Бектенов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды

Премьер-министр Олжас Бектенов бүгін жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды. Үкімет басшысы алдымен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде болып, тарихи нысанда жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеу жұмыстарымен танысты. Одан бөлек, бірнеше әлеуметтік-экономикалық маңызы бар нысандарды аралап, жаңа жобалардың құрылыс барысын көрді. 

Үкімет басшысы алдымен ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра тізіміне енген Яссауи кесенесіне барды. Соңғы 3-4 жылдан бері тарихи нысанның қабырғалары тұзданып, сыз тарта бастаған еді. Соның себебін анықтау үшін былтыр мұнда ғылыми зерттеу жұмыстары басталған болатын. Қазір кесенеде сыртқы орта мен климаттық факторлардың әсерін өлшейтін датчиктер орнатылған.

Мәулен Садықбеков, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің» директоры:
-Кешенді түрде ондаған бағыт бойынша зерттеліп, нәтижесі алынып, болашақта кесенеге қандай бағытта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі деген мәселе шешімін табады. Үлкен ауқымды зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қазір жұмыс біршама деңгейге жетті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Қожа Ахмет Яссауи кесенесі тек қазақ халқының емес, бүкіл адамзаттың асыл мұрасы. Сондықтан оның тарихи келбетін сақтауымыз керек. Ол біздің ортақ міндетіміз. Үкімет тарапынан да қолдау болады. Мемлекет басшысы тиісті тапсырма берді.

Түркістан облысында ұзындығы 12 мың шақырымнан асатын 3 мың 147 канал бар. Бірақ оның көбі әбден ескірген. Олжас Бектенов өңірдегі ағын су мәселесіне жауапты «Тұран су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жұмысымен де танысты. Кәсіпорынның балансында 18 су қоймасы, 3 су торабы, 3 магистральдық канал және 103 ішкі шаруашылық аралық канал бар.

Ермек Кенжеханұлы, Облыс әкімінің орынбасары:
-75% каналдар тозығы жеткен деп есептеп отырмыз. Ал мынау Түркістанның маңайында 80 мың гектарға жуық суармалы алқабымыз бар. Магистральды каналдарды түгелімен бетондау есебінен біз жылына қосымша 230 млн текше метр сумен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар.

Жалпы соңғы 5 жылда өңірде 245 шақырым канал бетондалып, 1100 шақырым қашыртқы тазаланған. Нәтижесінде 61 мың гектар суармалы жердің жағдайы жақсарған. Алайда Үкімет басшысы халық су үнемдеуді үйренбей, тапшылық мәселесі шешілмейтінін жеткізді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Ең бастысы бірінші кезекте біз суды үнемдеуіміз керек. Су үнемдеу мәдениеті болуы керек бізде. Соны қалыптастыру керек. Ол үлкен маңызды міндет. Сондықтан қазір барлық мекемелер соған атсалысу керек.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Кентаудағы жылу орталығына барды. Жиі істен шығатын жылу қазандықтарының жұмысын бақылап, кемшілікті жоюды тапсырды. Сондай-ақ елімізде баламасы жоқ, халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылысымен танысты. Алайда жауаптылар қаражат тапшылығы жобаны толық жүзеге асыруға қолбайлау болып отырғанын жеткізді. Ол үшін қосымша 3 млрд теңге қажет. Жағдаймен жете танысқан Олжас Бектенов Үкімет көмектесетінін айтып, Орталық Азиядағы үздік спорт кешенінің құрылысын биыл аяқтауды тапсырды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.