Хабар телеарнасы

Бектенов сейсмологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды

Алматыдағы жер сілкінісінен кейінгі ахуал Үкімет отырысында да қаралды. Премьер-Министр Олжас Бектенов сейсмологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Қазір қала бойынша келген залалды есептеу-бағалау жұмыстары жалғасуда. Жер сілкінісі кезінде мобильді құрылғылар арқылы халықты жедел хабардар ету жүйесі биыл мамыр айында іске қосылатын болыпты. Ол (Cell Broadcast) технология дәстүрлі SMS-ке қарағанда, желіге жүктеме жасамай барлық абонентті бірден ақпараттандыра алады. 

Төтенше жағдайдан кейін әр ауданда азаматтарды қабылдау пункті ашылған болатын. Олардың қызметіне 3000 адам жүгініпті. Оның 900-і бала. Жалпы қазір қала халқы өзінің қалыпты тіршілігін жалғастырып жатыр.

Есеп және алдағы жоспарлар жайын Алматы әкімі Ерболат Досаевтың өзі таныстырды. Жергілікті билік пен Төтенше жағдайлар министрлігінің алдында әлі үлкен міндет тұр. Қаладағы нысандарға қоса таулы аймақтарғада мониторинг жүргізу қажет. Тек сол арқылы ғана сел және лай көшкіні жүру қаупінің жоқтығына көз жеткізуге болады. Міне осы сұрақтар пысықталғанан кейін ғана Үкімет күн тәртібіндегі мәселелерді қарауға көшті.

Билік отандық және шетелдік инвестициялар ағынын арттырып экономиканы дамытуға мүдделі. Премьер-Министр Олжас Бектенов осыған қатысты оларға үндеу жолдады. Үкімет Қазақстанға қаржысымен келгендерге еш қысым болмайтынына кепілдік берді. Ал түрлі тәуекелдерді, оның ішінде жемқорлықты болдырмау үшін инвесторларға арналған цифрлық платформаны жылдам іске қосуды тапсырды.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
- Бұл жүйе қазіргі таңда пилоттық түрде құрылды. Мақсатымыз жобаны толыққанды іске асыру. Біз мамыр айына дейін цифрландыру министрлігімен бірге осы платформаның толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасауымыз керек.

Бұған дейін Қазақстанға inDriver, TikTok сынды 41 компания келген. Олардың құйған инвестициясының жалпы құны 1,5 млрд доллардан асады. Бұл жұмыс осы жылы да жалғасады деп күтілуде. Болжам бойынша елімізге тағы 37 шетелдік компания көшуі мүмкін.

Бауыржан Құдайбергенов, ҚР Ұлттық экономика вице-министрі:
-37 компанияның бәрі нақты келеді деп айта алмаймын. Мүмкін одан аз, мүмкін көп болар. Негізі әр компаниямен жеке жұмыс жүргізілуде. Бірі жер телімін сұраса, енді бірі жеңілдіктер сұрайды. Бұл кәсіпорындардың ішінде өңдеу өнеркәсібі, ақпараттық технологиялар, цифрландыру, тау-кен өндіру салаларындағы компаниялар бар.

Жиында қалаларды абаттандыру және көгалдандыру шаралары да қаралды. Үкімет басшысы әкімдіктер бұл істі орындауда тек қала орталығымен шектелмеуі керектігін ескертті. Сондай-ақ ағаштар мен өсімдіктер отырғызылып кейін күтімсіз қалмауы тиіс.

Айтпақшы «Қалаларды кешенді салу стандарты» әзірленіпті. Оған сай ғимараттардың құрылысын жүргізу кезінде саябақ, демалыс орындары да міндетті түрде ескерілуі тиіс. Яғни тұрғындардың тынысын тарылтып, тұрмысын қиындатуға рұқсат жоқ.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов