Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы 98 заңға қол қойды

Өткен жылы Қазақстан Президенті қандай маңызды шешімдер қабылдады және қандай бастамалар көтерді? Бұл сұрақтарға Президенттің кеңесшісі және баспасөз хатшысы Берік Уәли «ҚазАқпарат» агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында жауап берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бір жылда қол қойған 98 заңның алғашқысы – «Агломерацияларды дамыту туралы». Одан бөлек 344 жарлық пен 91 өкімге қол қойған. Мемлекет басшысы қабылдаған маңызды шешімдердің қатарынан «Балаларға арналған ұлттық қор» туралы және «Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы» екенін айта кеткен жөн.

Президент кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли өз сұхбатында жыл басынан бері Мемлекет басшысы заң мен тәртіп үстемдігін орнату, жаңа экономикалық үлгіге көшу, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту секілді бірқатар батыл бастама көтергенін атап өткен.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы: 
- Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке ел экономикасының жыл сайынғы тұрақты өсімін 6-7% жеткізу, 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайту, еліміздің байлығы мен табысын халқымыздың арасында әділ бөлу міндеттерін жүктеді.

Экономикалық тұрақтылық пен тың бастамаларды іске асыру үшін биыл 5 мыңға жуық нормативтік-құқықтық акті қарастырылған. Президент 98 заңға, 344 Жарлыққа, 91 өкімге, 27 Мәжіліс хаттамасына, 4328 қызметтік құжатқа қол қойды.

Елдің ішкі жағдайы ерекше назарда. Президент биыл 14 өңірге сапары жасады. Биыл бірнеше аймақ сын-қатерлермен бетпе-бет келіп, сын сағаты соққанда Мемлекет басшысы халық ортасынан табылды.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы: 
- Осы жағдайлардың бәрін Президент жіті бақылауына алып, Үкіметке шұғыл тапсырма берді. Жалпы төтенше жағдайлар кезінде Мемлекет басшысы жұмыс кестесін бұзып, оқиға орнына шұғыл аттанып кетеді. Мәселен, Абай облысында болған өртке байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы Вьетнамға ресми сапарын кейінге шегерді. Қарағанды облысындағы көмір шахтасында болған апат кезінде де оқиға орнында жедел штаб отырысын өткізді.

152 мың 921 шақырым. Мемлекет басшысының бір жылда жүрген жолына 19 шет мемлекетке сапары да кіреді. Бұл жер шарын төрт рет айналып шыққанмен тең. Сыртқы саясат орнықты әрі конструктивті диалог орнату аса маңызды. Жыл бойы 268 халықаралық іс-шараға қатысқан Президент бірқатар екіжақты маңызды келісімдерге қол қойды.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы: 
- 27 халықаралық форум мен саммитке қатысты. Атап айтқанда шет мемлекеттердің президенттерімен 30, шетел үкіметтері басшыларымен, халықаралық ұйымдардың жетекшілерімен, іскер топтар өкілдерімен 106 кездесу өткізілді. Мемлекет басшысының сапарлары шеңберінде 18 екіжақты құжатқа қол қойылды.

Шетелдік іссапарларда Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық әріптестікке, экономикалық алыс-беріске баса мән береді. Жыл қорытындысында Қазақстанға 13,3 млрд доллар тікелей инвестиция тартылды.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы: 
- Таяуда Президент Жарлығымен Инвестициялық штаб құрылды. Енді аталған Штаб шығарған шешімдерді орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілері орындауға міндетті. Демек жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмыс тиімділігі олардың қанша инвестиция тартқанына, инвестициялық жобаларды нәтижелі жүзеге асырғанына қарай бағаланады.

Қазақстан Батыс пен Шығысты жалғастыратын стратегиялық маңызы жоғары транзиттік хабқа айналуды басым бағыт ретінде көреді. Бұл бағытта биыл қолға алынып, жүзеге асқан жоба аз емес.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы: 

- «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында Ляньюньган портында қазақ-қытай логистика орталығы құрылды. «Қорғас» құрғақ порты іске қосылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік магистралі жұмыс істеп тұр. Қытайдан Иранға апаратын жаңа теміржол дәлізі тартылды.

Президент пәрменімен мемлекеттік басқару жүйесінде де жүйелі өзгерістер болды. Жаңа ведомстволар құрылып, тиісті міндеттер белгіленді.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы: 

- Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жолындағы бұл шешімдер нақты қажеттіліктен туындағаны сөзсіз. Түптеп келгенде әрбір құжаттың мазмұнында мемлекет мүддесін көздейтін маңызды шешімдер, тұтас саланы реттейтін заңнамалық өзгерістер жатыр.

Оң өзгерістердің тағы бір мысалы – «Ұлттық қор - балаларға» бастамасы. Келер жылдан бастап Ұлттық қордың 50% табысы 18 жасқа дейінгі жас азаматтардың шотына аударылады.

Сондай-ақ тікелей Президент бастамасымен «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң жұмыс істей бастады. Оның басты міндеті - шетел асқан қаржыны ел экономикасын еселеуге, халық игіліне жұмсау.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы: 

- Қайтарылған активтердің есебінен ел өңірлерінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар салынып жатыр, яғни қаржы халықтың мұқтаждығына жұмсалады.

Елдегі ішкі қауіпсіздік мәселесі де Президент назарынан шет қалмады. Тентегін тезге, тентірегенін жөнге сала алмаған елде тәртіпсіз іс өнбесі анық. Түркістанда 5 жастағы бүлдіршін қыздың және елордадағы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты елді елеңдеткен оқиғаларды жеке бақылауына алып, жауапты ведомство басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Желтоқсан айында «Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі, баспасөз хатшысы: 

- Бұл жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған жан-жақты шаралар қарастырылған.

Мемлекет басшысының биылғы қызметін іргелі бастамалармен байланыстыруға болады. Жаңа жылда осы бастамалар баянды болсын деген тілек бар. Жаңа жылда елді қандай маңызды әрі ауқымды өзгерістер күтіп тұрғанын Ұлу жылындағы қаңтар айының басына жоспарланып отырған Президенттің елдің ішкі-сыртқы саясатын толық қамтитын көлемді сұхбатынан білетін боламыз.