Хабар телеарнасы

Мәжілістің 4 депутаты жазғы демалыстарын казармада өткізді

Сенат пен Мәжіліс депутаттарының кезекті жазғы демалысы аяқталды. Олар шілдеден бері еліміздің әр өңіріне іссапарға шығып, халықтың тыныс-тіршілігімен танысты. Қоғамды алаңдатқан сан қилы мәселелердің қайсысына халық қалаулылары құлақ түрді? Жаңа саяси маусымға әзірлік қандай? 

Мәжілістің 4 депутаты жазғы демалысының бір бөлігін казармада өткізді. Оқу-жаттығуға арналған әскери лагерьлерге аттануына тұрғындардан келіп түскен арыздар түрткі болған. Депутаттар сапта жүріп, шекара бекеттеріндегі цифрлық технологияның жоқтығы, еңбекақының төмен болуы, әскерилердің тұрғын үймен қамтылмауы сынды бірқатар мәселелерді анықтады. Енді жаңа саяси маусымда ұлттық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруге бағытталған жаңа заңнамалық бастамалар көтермек.

Самат Нұртаза, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Басты мәселе әрбір сарбаздың, әрбір офицердің проблемасын Астанаға жеткізу. Себебі көп жағдайда осындай қатардағы жауынгерлердің проблемалары, жанайқайы, мұң-мұқтажы естілмей қалады. Сол штабтан шықпай қалады. Сондықтан да біз жаңағы офицерлердің өздерін шыға тұрыңыздаршы, деп сарбаздармен жеке сөйлесеміз, әлімжеттік бар ма, жоқ па деп.

Жылу маусымына дайындық та назардан тыс қалған жоқ. Парламент Сенатының депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев Жезқазған жылу электр орталығының жұмысымен танысты. Ондағы жабдықтардың 60% тозған. Салдары сол өткен маусымда бірнеше рет апаттық жағдай болды. Биылғы жылу маусымына да дайындық ақсап тұр.

Серік Шайдаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- «Қаражат жетіспейді, жұмыскерлер жетіспейді»,- дейді. Кішкене графиктен қалу байқалып отыр. Қысқа мысалы, 6 қазандықпен кіреміз деп отыр. Ол аз. Резервте қазандық жоқ. Сондықтан бұл мәселені біз Үкімет деңгейінде көтереміз деп солай шештік.

Әлеуметтік салада да шешімін жеделдетіп табуы тиіс мәселелер жетерлік. Әсіресе өңірлерде сумен қамту өткір. Тиімді пайдалану әдістері бекітілмеген. Білікті гидролог мамандар жоқтың қасы, ал инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру ақсап тұр. Бұған Қарағанды облысын аралаған Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров көз жеткізді.

Айдарбек Қожаназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Тәуелділіктен шығу үшін біз тиімділікті үлкейту керекпіз. Оны қалай үлкейтеміз егер де судың жартысы барлығы құмға кетіп бара жатыр. Бірақ қыруар ақша бөлініп жатыр оған. Миллиардтаған, 100 миллиардтаған тек қана Еуразиялық даму банкінен бір 100 млрд астам ақша алынған. Оның нәтижесін көрмей жатырмыз. Оны да басқа министрлік ол Экологиялық министрлігімен пен Инвестиция министрлігі. Соларға да айтып депутаттық сауал жолдағанбыз.

Оқу жылы қарсаңында мектептердің әзірлігіне қатысты сұрақ көп. Мәселен, Теректі ауылының оқушылары біраз жылдан бері мәдениет үйінде жасақталған тар кабинетте оқып келеді. Ал жаңадан салына бастаған мектептің құрылысы 3 жылдан бері аяқталмады. Іссапармен өңірге барған депутаттар мәселені қойын дәптерлеріне түртіп алды.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: 
- Бүгінгі таңда жетіспей жатқан қаражатты мейлінше республикалық бюджеттен, егер табылып жатса жергілікті атқарушы билік органдарының бюджетінен, болмаса сыбайлас жемқорлықпен қайтарылған қордағы бюджеті есебінен бұл мектепке жетіспей тұрған қаражатты беруіміз қажет.

Бұл күзде Мәжілісте қаузалатын мәселелердің бірнешеуі ғана. «Қағазға түскен жүздеген шағым ескерусіз қалмайды»,-дейді халық қалаулылары.

Авторлары: Дана Әлиева