Хабар телеарнасы

Үкіметке биыл инфляцияны 2 есеге төмендету міндеті жүктелді

Әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңесте Үкіметке осындай міндет жүктелді. Қазір бұл бағытта кешенді жоспар пысықталып жатыр. Бүгінге дейін 132 делдалдық жүйенің жолы кесіліпті. Тауарларды тікелей жеткізу жолға қойылса, баға тұрақталатыны — заңдылық. Сондай-ақ елдегі желілердің 51% тозған. Оған қоса таза ауыз сумен қамту мәселесі де өзекті болып тұр. Осыған орай жергілікті атқарушы органдар коммуналдық инфрақұрылымды салу мен күрделі жөндеудің өңірлік жоспарларын әзірлейді. «Алдағы екі жылда 1400 ауылда орталықтанған су жүйесі салынып, бұл сұрақ толықтай шешілуі тиіс. Салық, бюджет, тарифтік саясатты жаңғырту кезінде де бірінші кезекте азаматтардың мүддесі ескерілуі керек», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
-Барлық енгізілген құралдар мен механизмдер алдымен халыққа ыңғайлы әрі түсінікті болуы қажет. Тұрғындардың шағымдарын әлеуметтік шиеленіске дейін жеткізбей, байыпты түрде шешу керек. Бұл әсіресе денсаулық сақтау, білім беру және еңбек қатынастарына қатысты. Бұған Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай орталықтары ықпал ететін болады.