Хабар телеарнасы

Елімізде балабақшаларды лицензиялау мәселесі қараша айына дейін шешілуі тиіс – Ә. Смайылов

Ондағы балақайлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қазір барлық балабақшаны қайта лицензиядан өткізу жүргізіліп жатыр.

Былтыр 534 балабақша ашылып, 2 және 6 жастағы балалардың 88,4%, ал 3 және 6 жасар балалардың 99% қамтыған. Республикалық жоспар орындалды. Десек те еліміздің кейбір өңірінде әлі күнге дейін балабақшалар тапшы. Атап айтсақ, Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Атырау сынды адам көп шоғырланған облыстарда жыл басынан бері тек мың орындық балабақша ашылған.

Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі:

- Басқа облыстардың жоспардан тыс қосымша орындары ашқандарының арқасында, мысалы, Шымкент қаласында – 170%, Жамбыл облысында – 120% жоспарды орындағанның арқасында республикалық көрсеткішке толығымен қол жеткізілді. Балабақшалардағы тәрбиешілердің біліктілігін арттыру, балабақшаларға деген талаптарды күшейту бойынша да жұмыстар ұйымдастырылуда.

Мұғалімдерге қойылатын талап та күшейтілді. Енді мектепке жұмысқа тұру үшін ұстаздарға диплом аздық етеді. Олар өз пәні бойынша арнайы тест тапсырады. Сынақтан сүрінбей өтіп, сертификат алған мамандар ғана жұмысқа орналаса алады. Бұдан бөлек, педагогтардың біліктілігін арттыру мерзімі де  өзгерді. Оқытушылар 5 жылда бір емес, 3 жылда бір рет, курстарда шыңдалуға міндеттелді.

Асхат Аймағамбетов, Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрі:

- Біз осы біліктілікті арттыру курстарының барлық бағдарламасын түбегейлі өзгерттік. Мұның алдында «курстан өтті» деген сертификатқа қол жеткізетін. Биылдан бастап курсты өткізгеннен кейін емтихан тапсырып, тек қана тапсыра алған педагогтар сертификат алады.

Ал ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, 2025 жылға дейін мемлекеттік білім гранты 90 мыңға дейін артады. Қазірдің өзінде 88 мың. Сондай-ақ ол студенттердің шәкіртақысы өскенін тілге тиек етті. Мәселен, бакалавриат студенттері 36 мың, докторанттар 150 мың теңге алады. «Бірақ дамыған елдермен салыстырсақ, біздегі студенттердің арақатынасы сақталмаған», – дейді министр.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Бізде бакалавриат 92%, магистратура 8%, докторантура 1% да жетпейді. Ал дамыған елдерде бұл құрылым басқаша. Біздің ЖОО көрсеткіші – қазір зерттеуші емес, педагогикалық. Осы біз үшін басым бағыт болады.

Ведомство басшысының сөзінше, жоғары оқу орындарын коммерциялық емес акционерлік қоғамдар нысанында қаржыландыру шашамен 1,5 жылды алады. Бюджет қаражатын пайдалануды оңтайландыру үшін ол Назарбаев Университетінің тәжірибесі бойынша нысаналы салым арқылы оқу орындарын тікелей қаржыландыру тетігін енгізуді ұсынды.

Авторы: Дана Алиева