Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының өкілін қабылдады

Тараптар адам құқықтары мен заң үстемдігін қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты арттыру жайын талқылады. Әңгіме барысында Президент елде жүргізіліп жатқан ауқымды реформалар жайлы ақпарат берді. Ал бюро директоры Матео Мекаччи Ұйымның парламенттік Ассамблеясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаевпен қызметтес болған кезеңді еске алып, елде жүргізіліп жатқан өзгерістерді қолдайтынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл сапарыңыз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайту тұрғысынан өте маңызды. Елдің адам құқықтары жөніндегі уәкілі мен Бюро арасында қол қойылған өзара түсіністік жөніндегі меморандумның да орны бөлек. Бұл құжат еліміздің Бюромен тығыз серіктестікті дамытуға дайын екенін және ЕҚЫҰ құндылықтарына бейілділігін растайды.

Матео Мекаччи, ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюро директоры:

- Менің бұл сапарым Қазақстан маңызды өзгерістерді бастан өткеріп жатқан сәтке тұспа-тұс келді. Бастамаларыңыз туралы хабардармыз және бұл реформаларды қолдайтынымызды жеткізгім келеді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға әзір.