Хабар телеарнасы

Ұлытау баурайындағы ұлы жиында Мемлекет басшысы бірнеше маңызды ұсыныс жасады

Ұлытау баурайындағы ұлы жиында Мемлекет басшысы бірнеше маңызды ұсыныс жасады. Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта беріледі. Ал Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн басты мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға деген тағзым күні ретінде атап өтілмек. Осылайша, ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Ұлттық құрылтайда ұлттың жанды жері тіл мәселесі де қаузалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді», – деді. Президент тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз қажет екенін атап өтті. Ғылым, оқу-ағарту жүйесінде ауқымды реформалар болады. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тіліне айналады. Осылай деген Мемлекет басшысы латын әліпбиіне қатысты да пікір білдірді. «Кейбір қоғам өкілдері біз әлі күнге дейін кириллицадан арыла алмай жатырмыз деп алаңдаушылық білдіріп келеді. Бірақ ең алдымен, бұл – лингвистикалық тұрғыдан өте күрделі мәселе. Осыны жақсы түсінген жөн» деген Президент бұл істе асығыс-үсігіс шешім қабылданбайтынын ескертті. Сонымен қатар Президент мемлекеттің атауына қатысты мәселеге нүкте қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар. Ең басты мәселе – біз тәуелсіз еліміз. Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшартқа қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе.