Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаев Қытайдың Сыртқы істер министрі Ван Иді қабылдады

Ширек ғасырдан асқан серіктестікке жоғары баға берген Қазақстан Президенті Қытай Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрін қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ван И екі елдің ынтымақтастығы туралы пікір алмасты.

Тараптар өзара сенімге негізделген берік байланысты одан әрі нығайтуға бейілді екенін білдірді. Мәселен, «Күзде Қытай басшысы Си Цзиньпиннің біздің елге жоспарланған мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынастарды дамытуға дәлел бола алады», - деді Ван И. Бұдан бөлек кездесу барысында аймақтағы және жаһандық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Биыл – өте маңызды жыл. Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толды. Қытайда коммунистік партияның ХХ съезін өткізу жоспарланған. Алдағы жоғары деңгейдегі келіссөздер біздің стратегиялық серіктестігіміздің жылнамасына ерекше оқиға ретінде жазылады.

Ван И, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің мүшесі, Сыртқы істер министрі:

- Төраға Си Цзиньпин Сізбен арадағы жеке достықты және өзара сенімді жоғары бағалайды. Жаңа Қазақстан құру жөніндегі бастамаңыз Сіздің даналығыңыз бен батылдығыңызды көрсетеді. Біз Сіздің бастамаларыңыздың сәтті жүзеге асырылуын толыққанды қолдаймыз.