Хабар телеарнасы

Қ. Тоқаевтың Түркияға сапары барысында 15 келісімге қол қойылды

Бұған түркиялық инвесторлардың біздің нарыққа құйған қаржысы дәлел. Былтыр ол 680 млн АҚШ доллары болса, жыл басынан бері бірден 1 млрд долларға жеткен. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапар аясында түркиялық кәсіпкерлермен кездесіп, алдағы бизнес жобалар жайында пікір алмасты.

Анкара сапарының екінші күні. Қазақ басшысымен кездесуге есімдері Форбсқа енген түркиялық миллиардерлердің бір тобы арнайы келді. Арасында Коч Холдинг, Иылдырым Холдинг, Сембол секілді алпауыттар бар.

Түріктің әйгілі бизнесмені Әли Коч – «Коч Холдингтің» қожайыны. Ғасырға жуық тарихы бар компанияның қызмет көрсету ауқымы өте кең. Энергетика, көлік, қаржы салаларын қамтиды. Табысы мен экспорты, жұмысшылар саны бойынша Түркияның ең алып компаниялар тобы. Сәйкесінше елдегі ең көп салық төлеушінің бірі болып саналады.

Біздегі құрылыс жайлы сөз болғанда түріктің «Сембол» компаниясының аты жиі аталады. Қазақстан нарығында 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Елордадағы Ханшатыр, Астана Арена, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы секілді нысандардың құрылысын осы компания жүргізген және отандық телеарналар орналасқан «Қазмедиа» орталығын да салған осы Сембол. Компания өкілі Феттах Таминдже Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, болашақтағы бизнес жобалар жайын талқылады.

Ал YDA GROUP холдингі 2000 жылдан бері Қазақстанға 2 млрд инвестиция салды. Түркістандағы заманауи әуежайды салып берген осы компания. Бұдан бөлек мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында медициналық мекеменің құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл аурухана ашылса, шамамен 10 мың кісі жұмыспен қамтылады.

Хусейин Аслан, «YDA GROUP» холдингінің басқарма төрағасы:

- Кеше екі маңызды жобаға қол жеткіздік. Оның біріншісі – Түркия ұлттық қорғаныс министрлігі мен Қазақстанның қорғаныс министрлігінің және ЭДА холдингі арасындағы үшжақты келісім. Осы келісімнің аясында Ақтауда кеме зауыты ашылады. Бұл – стратегиялық келісім. Екіншісі – қорғаныс саласына қатысы бар құжат. Ол бойынша медицина, қорғаныс саласына заманауи технология мен ноу-хауды енгізетін боламыз.

Кездесуге келген кәсіпкерлердің бәрі Қазақстанмен байланыс орнатуға бейіл. Өйткені оларды Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың қолайлылығы қызықтырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Мен Президент ретінде бұл ахуалды ұдайы жетілдіріп, жақсарта беруге айрықша мән беріп отырмын және бар күш-жігерімді саламын. Осы жұмыс Қазақстан үшін өте қажет. Түркия бизнесмендерінің Қазақстандағы келешегі зор. Бұған еш күмән жоқ. Ең бастысы, халықтарымыздың дүниетанымы, болмысы бір, мемлекеттер арасындағы өзара сенім деңгейі жоғары. Мұндай сенім бизнес өкілдерінің арасында берік орныққан. Қазақстанда Түркия кәсіпкерлерінің қатысуымен 61 ірі жоба іске асырылды. Оған жалпы құны 2 миллиард доллардан астам қаржы жұмсалды. Бүгінде біздің елде құны 2,5 миллиард доллардан асатын 25 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр.

Сондай-ақ құны 1,5 миллиард доллардан асатын 54 жаңа жоба қолға алынуда. Қазақстан Түркиямен бірлесіп мұнай-газ саласына қажет құрал-жабдықтар жасауға ниетті. Өйткені бұл елде озық технология мен тың тәжірибе бар. Сондай-ақ жер қойнауын игеруге қатысты түрік инвесторларына бес дайын жобаны ұсынды. Астық пен ұн өндірісін өркендетуге қатысты келісімдер қарастырылды. Ал алыс-берісті арттыруда Транскаспий халықаралық көлік бағытының рөліне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Транскаспий дәлізіне Құрық теңіз айлағы қосылған соң Қорғастан Стамбулға жүк тасымалдау уақыты 5 есе қысқарды. Бұрын 60 күн жүретін жүк қазір небәрі 13 тәулікте жетеді. Біз мұнайды Қытай мен Еуропаға экспорттау жолдарын әртараптандыруды қолға алдық. Соның ішінде Түркияның көлік дәліздерін пайдалана бастадық. Мұнай құбырларының өткізу қабілетін арттыру және Ақтау, Құрық теңіз айлақтарын жаңғырту жұмысы басталды.

Соңғы 16  жылда түрік кәсіпкерлері Қазақстанға 4 миллиард доллардан астам инвестиция құйыпты. Пандемия кезінде әлем бойынша шетел инвестициясының көлемі күрт азайғаны белгілі. Бірақ Түркиядан біздің елге келетін инвестиция кеміген жоқ. Бұл – екі елдің өзара сенімінің көрінісі.

Бақыт Сұлтанов, Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:

- Алға қойған мақсат – тауар айналымын екі есе көбейту, 10 млрд-қа жеткізу. Бүгінде тауар айналымының экономикалық географиясы да өзгеріп жатыр. Сауда айналымы да көтеріліп келе жатыр. Бұл мүмкіншілікті пайдалануымыз керек.

Мемлекет басшысы іскерлік топтарға Жаңа Қазақстанды құруға кіріскенін айтып, саяси жүйені толық жаңғыртатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өткізілетін болды. Конституциямыздың 33 бабына түзетулер енгізіледі. Менің мақсатым – халқыма мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту. Президент ретінде ешқандай артықшылықтар мен жеңілдіктерге құмар емеспін. Мұндайды қаламаймын.

Мемлекет басшысы бизнес-форумнан соң Түркия Президентінің Ұлттық кітапханасына келді. Былтыр қазақ әдебиетінің жауһарлары саналатын 200 еңбек кітапхана қорына тапсырылған болатын.

Айхан Туглу, Түркия Президенті әкімшілігі жанындағы ұлттық кітапхананың директоры:

- Біз 2017 жылдан бастап Сырты істер министрлігімен бірлесіп танымал тұлғалардың кітаптарын жинай бастадық. Содан бері 103 елден 140 тілдегі кітаптар келді. Былтыр сіздердегі Елбасы кітапханасымен арнайы меморандумға кол койдық. Бұл құжат қазақ пен түрік арасындағы әдеби байланысты одан әрі нығайтып отыр.

Шынар Асанқызы, тілші:

- Екі күнге созылған мемлекеттік сапар осымен түйінделді. Басты нәтиже – қол қойылған 15 келісім. Оған қоса компаниялар арасында 30 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Аталған келісімдерді жүзеге асыруды Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жеке бақылауымда ұстаймын», - деді. Өйткені бұл жобалар сәтті жүзеге асатын болса, елге тағы бір млрд доллар инвестиция құйылғалы тұр.

Авторлары: Шынар Асанқызы, Айдос Меделбеков, Бақытбек Нұртаев