+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

2025 дейін қазақстандықтар 100% ауызсумен қамтылуы керек – Әлихан Смайылов

  • Категория: Саясат
2025 дейін қазақстандықтар 100% ауызсумен қамтылуы керек – Әлихан Смайылов

Елімізде 6 302 ауыл бар болса, бүгінде соның 4 759-ы таза ауызсумен толық қамтылған екен.

Үкімет биыл тағы 500-ден астам елді мекенге тіршілік нәрін жеткізуді жоспарлап отыр. Ауылдағы ағайын қиналмас үшін жергілікті әкімдіктер қажет инфрақұрылымды ретке келтірулері тиіс. Премьер-Министр Әлихан Смайылов осындай міндеттер жүктеп, аладғы 3 жылда мәселені толық шешуді тапсырды.

Риат Шони, тілші:

- 2025 дейін қазақстандықтар 100% таза ауызсумен қамтылуы керек. Тиісті тапсырманы Үкімет басшысы Әлихан Смайылов берді. Бұл бағыттағы жұмыстарды қаржыландыру бірінші орынға қойылуы керек. Қалалар мен ауылдарға қажет инфрақұрылымды тарту үшін әкімдіктерде жұмыстарын күшейтуді Премьер-Министр міндеттеді. Өйткені бұл әлеуметтік мәселе бүгінде өткір тұр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазір елде тек төрт облыстың елді мекендері ғана 100% таза ауызсумен қамтылған. Былтырғы статистика бойынша, Қазақстан қалаларының 98,1%, ал ауылдардың 93% тіршілік көзіне қол жеткізген. Көш соңында Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары қалған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Әкімдіктер ауылдар мен қалаларда тиісті инфрақұрылымды тарту жұмыстарына ерекше мән беруі тиіс. Жыл соңына дейін халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткішін ауылдарда 94,7%, ал қалаларда 98,5% жеткізу қажет. Осыған байланысты өңір әкімдіктеріне сумен жабдықтаудың кешенді жоспарын тез арада қайта нақтылауды және апатты жағдайдағы су құбырларын шұғыл түрде жөндеуді тапсырамын. Ауызсу мәселесі тұрғындар үшін өте өзекті. Сондықтан әрбір шешім уақытылы қабылданып, нәтижелі болуы керек.

Жалпы биыл республика бойынша 511 елді мекенге таза ауызсу беріледі. Ол үшін қазынадан 215 млрд теңге қаржы бөлу жоспарланған.

Қаржы демекші, жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасын бастау үшін әлі күнге дейін ақша бөлінбеген екен. Негізгі сома утильдік алымнан түскен табыстан беріледі. «Енді 6 мамырға дейін «Жасыл даму» акционерлік қоғамы өнеркәсіпті дамыту қорына ақша аударуы тиіс», – дейді жауаптылар.

Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- 6 мамырда қаржыны осымен айналысып жатқан мекемеге толығымен жібереді. Ол мекеме «Бәйтерекке» қарайды. Ол осы бағдарламамен жұмыс істейтін банктермен келісімшартқа отырып, ақшаны банктерге жібереді. Жұмыс келесі аптада басталады деп ойлап отырмыз.

Қазір бағдарлама аясында жұмыс істейтін бірқатар банкпен келісімдер орнатылған екен. Жалпы жеңілдетілген автонесиелендіру бағдарламасы аясында көлікті бастапқы жарнасыз сатып алуға болады. Берілетін кредит сомасы 10 млн теңге, ал жылдық сыйықасы 4% болады. Шарт бойынша қарызды 7 жыл ішінде толық өтеу міндеттеледі. Ал көңіліңізден шыққан темір тұлпардың құны 10 млн теңгеден жоғары болса, үстінен ақша қосуға рұқсат етіледі.

Авторлары: Риат Шони, Аманжол Байғазин

Сондай-ақ...