Хабар телеарнасы

Қаңтар оқиғасының артында кімдер тұр?

Алайда қоғам маңызды сұрақтарға жауап күтіп отыр. Президент халықтан ештеңе де жасырылмайтынын айтып, тиісті органдарға тапсырма берілген болатын. Мәжілістегі Жаңа Қазақстан депутаттық тобының алдында бүгін бас прокурор, Ішкі істер министрі қазіргі күнге белгілі фактілерді жайып салды.

Лаңкестер лаң салып, елдің ойранын шығарған қарулы шабуыл кезінде 230 адам қаза тапты. Бұл – Бас прокуратураның мәліметі. Ал адам құқықтары жөніндегі уәкіл 238 адам көз жұмғанын айтып отыр. Олардың 19-ы күштік құрылым қызметкері. 3,5 мың әскери жарақат алды. Шабуыл кезінде 2891 қару, 60 мың оқ-дәрі ұрланған. 1700 бизнес нысаны қиратылды, тоналды. Тәртіпсіздік кесірінен 100 млрд теңгеден астам шығын келтірілді.

Міне, бүгінгі күнге есептеліп нақтыланған ақпарат. Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, 766 күдікті ұсталған. Олардың дені – 30 жасқа толмаған, жоғары білімнен жұрдай, жұмысы жоқ азаматтар. 

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- 350 мың жедел тергеу шаралары жүргізілді. 20 мың тінту, тергеу жұмыстары жасалды. 3,5 мың сот сараптамасы тағайындалды. 766 күдіктінің 19-ы деструктивті дәни ағымның жетегінде жүргендер болып шықты. 27 адам – біздің елде тиым салынған экстремисттік ұйым белсенділері. 113 ер адам – бұрын адам өлімі, тонау, қарашылық үшін сотталғандар. Мәселен, олардың бірі – «Дикий Арман».    

Иә, айдың күннің аманында елді аңыратқандар бейбіт митингке шыққандар емес, қарулы лаңкестердің ісі екендігіне ешкімнің шүбәсі жоқ. Мемлекетте төңкеріс жасап, билікті күшпен басып алғысы келгендердің әрекеті екендігі талай дәлелденді. Күштік құрылым ғана тәуелсіз сарапшылар да мұны мойындап отыр. Дәл қазір қалың халықты алаңдатып отырған мәселе – абақтыдағы азаптау фактілері. Сол себепті де Жаңа Қазақстан депутаттық тобы осы тақырыпты көп көтерді. Күшпен мойындату болғанын Бас прокуратура растап отыр. Бұл ретте 243 қылмыстық іс қозғалған. 

Берік Дүйсенбинов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қатігездік әрекеттер туралы азаптаулар мен өкілеттіктерін асыра пайдалану фактілері бойынша осы 243 іс бойынша қылмыстық істердің қаралау барысында қанша лауазымды қызметкер жұмысынан шеттетілді? Әлде олар әлі жұмыстарын жалғастырып жатыр ма?

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- 9 адам қамауға алынды. Оның ішінде «ұлттық қауіпсіздік органы» деп айттым, 1 адам – полиция қызметкері, бұл істің бәрі сотқа жолданған жоқ.

Депутаттар, адам құқықтары жөніндегі уәкіл, құқық қорғаушылар заңбұзушылық жасаған азаматтарға тек Қылмыстық кодекстің көзімен ғана емес, адами гуманистік көзқараспен қарауға шақырды. Уақытша ұстау изоляторынан 302 азамат босатылған .

Эльвира Әзімова, Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл:

- Олар біздің, қамалғандардың туыстары мен адвокаттардың өтініштерімен босатылды. 11 азамат қамауға алынған жоқ. Бұрын қамалған 200 азаматқа бұлтартпау шарасы өзгертілді. «Ауыр қылмыс жасады» деп айыпталған кәмелетке толмаған 29 баланың 28-і ата-аналарының кепілдігімен босатылды.

Заңды белден басып, лауазымын асыра пайдаланып, қамалғандарды ұрып соққан қызметкерлер тиісті жазасын алады. Күштік құрылым өкілдері осылай деп иландырды. Қоғамның көкейінде жүрген тағы бір мәселе бар. Тіпті үрей бар. Себебі ұрланған 3 мыңға жуық қарудың 2 мыңы әлі қылмыскерлердің қолында жатыр.

Ирина Унжакова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Халықпен кездесулерде естігеніміз – олар қарудың көп бөлігінің әлі табылмағанына алаңдаулы. Тіпті кей өңірлерде адамдар оларды іздеу жұмыстарына үлес қосуға дайын отыр. Іздестіру жұмысын қалай тиімді етпексіздер?

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:

- Республика бойынша арнайы «Қару» операциясы жалғасуда. Оның барысында 1 215 қару және 22 мың оқ-дәрі қайтарылды.Сонымен қатар азаматтар ерікті түрде 120 қару тапсырды. Заңсыз қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырған адамдар жауапқа тартылмайды. Осыған қатысты кез келген ақпаратты «102» немесе 72-22-45 нөмерлеріне хабарлауды сұраймын!

Депутаттар қарулы шабуыл кезінде қаза тапқандар мен жарақат алған әскерилердің отбасына жәрдемақы беру мәселесін де нақтылады. Жауапты органдар бұл істе мін жоқтығын алға тартты. Жауығып қылмыс жасағандар жазасын алар. Қалай болған күнде әділдіктің үстемдігі  – адам құқығының сақталуы.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Сын сағаттарда Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Кемелұлы Тоқаев шұғыл да жігерлі шешімдер қабылдап, елді осындай ауыр соққыдан алып шықты. Жағдай тез арада тұрақталды. Уақыт өте келе бұл елдік пен тұтастықты сақтап қалу үшін жасалған бірден-бір дұрыс қадам екенін біз енді түсініп келе жатырмыз. Заңдық тұрғыдан барлығы мінсіз болуы қажет. Асығыстық танытуға болмайды. Себебі таразы басында тұрған ол – біздің азаматтардың тағдыры. Президенттің кінәсіз адам жазаға тартылмауға тиіс, ал кінәлі қызметкерлер қатаң жазаға тартылуы тиіс деген тапсырмасы бар, осы тапсырма мүлтіксіз орындалуы керек.

Қазақ қоғамын дүр сілкіндірген Қаңтар оқиғасы адами құндылықтарды қайта қарауға, сананы өзгертуге мәжбүр етті. Елді тітіреткен осы бір оқиға бүкіл халыққа сабақ болса игі.

Авторлары: Индира Жылқайдарова, Серік Қоңырбаев