Хабар телеарнасы

Мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды

Мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды

Ол өз сөзінде елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екенін айтты. Президенттің пайымдауынша, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні бар. Жаңа экономикалық бағыттың екінші бөлігі – инвестициялық климат. Президент мемлекеттің барлық инвестициялық міндеттемелерді мінсіз орындайтынын тағы да мәлімдеді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы бизнесмендерді қаржысын өз елімізге салуға шақырды.

– Егер, Сіздер, болашақтарыңызды Қазақстанмен байланыстыратын болсаңыздар, онда қаражаттарыңызды өз елімізге салыңыздар. Бұл – Сіздердің Қазақстан алдындағы әлеуметтік және саяси жауапкершіліктеріңіз. «Мұнда табыс табамыз, ал басқа жерде жұмсаймыз» деген қағидатқа жол берілмейді. Сондықтан жұмыс екі бағытта жүргізіледі: капиталды елге қайтарғаны үшін ынталандыру және қаражаттың офшорларға кетуіне жол бермейтін тосқауылдар қою, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.