Хабар телеарнасы

Парламентке енбеген партия өкілдерінің Мәжілістің заңнамалық жұмысына қатысу мүмкіндігі кеңейтілмек

Отырыста «Ауыл», «Адал» және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары мүшелерінің депутаттық сауалдарға үн қосып, парламенттік тыңдау кезінде де пікірлерін ескеру мүмкіндігі сөз болды.

«Келісіп пішкен тон келте болмас». Мәжіліс депутаттары Парламентке енбеген саяси партия өкілдерінің пікірін жерде қалдырмайды. Жеті шақырылым жұмысы басталғалы Мәжілістің қарауында барлығы 128 заң жобасы болды. Бүгінде оның 80-і мақұлданып, Сенатқа жолданды.

«Сайлау туралы» конституциялық заң бар, шетелдіктерге жерді сатуға, жалға беруге тыйым салуды көздейтін жер қатынастары туралы, сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі, квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар секілді басқа да аса маңызды бірқанша құжат құпталды. Соларды өзгертіп, толықтырып, түзеп күзеуге келгенде «Ауыл», «Адал», Жалпыұлттық социал-демократиялық партиялары мүшелері өз ой-ұстанымдарын іркіп қалған емес.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:

- Бүгінгі күні барлық партия өкілі, соның ішінде Парламентке кірмеген партиялар біздің заң шығару жұмысымызға қатысып, өздерінің нақты ұсыныстарын жеткізіп келеді. Осының барлығы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» концепциясымен сәйкес келеді. Бұл Парламент үшін де, қоғам үшін де өте маңызды.

Кеңесте заң шығару жұмысына белсенді қатысып жүрген парламенттік емес партия мүшелерінің депутаттық сауалдарға да ой қосып, парламенттік тыңдауларға да белсенді қатысуына мүмкіндік беру туралы ұсыныс айтылды. «Адал» партиясының өкілі ауыл әкімінің қызметтік міндеттері, білім туралы құжаттарға қатысты өз ойын білдірсе, «Ауыл» партиясының мүшесі жерді жекешелендіру, қосалқы шаруашылық жөніндегі заң жобасы бойынша көзқарасын айтты.  

Эльдар Жұмағазиев, «Адал» партиясының хатшысы:

- Мәжіліс Мемлекет басшысының ашықтық қағидасын жақсы деңгейде орындап келе жатыр деп есептеймін. Биыл 128 заң жобасы қаралып, 80-і Сенатқа жіберілген, 41-і қазір жұмыс үстінде. Оның бәріне «Адал» партиясы ретінде өз мамандарымызды беріп жатырмыз. Бұл жұмыстың аясында ашықтық бар екені сөзсіз. Бүгінгі кеңесте «Парламентте жоқ партиялар да ұсыныс беруге мүмкіндік алсын» деген ұсыныс берілді.

Төлеутай Рақымбеков, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру туралы тұжырымдамасының аясында жүзеге асып отыр деп ойлаймын. Былтыр, биыл саяси реформалар барысында көптеген ұсыныс берілген болатын. «Ауыл» партиясы парламенттік партияның қатарында болмаса да, Мәслихаттың депутаттары мен әкімдердің санына қарасаңыз, екінші орында.  

Мәжіліс төрағасының бастамасымен жыл басында құрылған партияаралық кеңес өзінің қажеттілігін дәлелдеп үлгерді. «Бұл жұмыс алаңы заң шығару процесін тиімді, ашық және Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен үйлесімді», - дейді Парламентке енбеген партия өкілдері.

Асхат Рақымжанов, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия төрағасы:

- Партияаралық кеңес жұмысы тиімді болып отыр. Мәжілістегі комитет отырыстарында, жұмыс топтарында құжаттар талқыланған кезде пікірлеріміз толық ескеріліп келеді. Тіпті кей жағдайда біздің ұсыныстарымыз арнайы норма болып та бекітілді. Мәселен, жер қатынастары, сайлау туралы заңдарды қабылдау кезінде айтылған ойларымыз есепке алынды.

Қазір Мәжіліс қоржынында бәсекелестікті дамыту, бюджеттік заңнаманы жетілдіру, бала құқықтарын қорғау, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы және өзге де 41 заң жобасы бар. Оларды қарау кезінде де партияаралық кеңес мүшелерінің айрықша белсенділігі керек-ақ.

Авторы: Индира Жылқайдарова