+7 (7172) 757 540
astananews@khabar.kz

Елбасы Жамбыл облысындағы әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады

  • Категория: Саясат
Елбасы Жамбыл облысындағы әлеуметтік-мәдени нысандарды аралады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына сапармен барды.

Қордай ауданының Әлжан ана ауылында болған ол осы елді мекенде орналасқан бірнеше мәдени-спорттық кешенді аралап, жергілікті тұрғындармен тілдесті.

Ал облыс басшысы Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, аграрлық сектордағы мәселелерді шешу, халықты жұмыспен қамту туралы ақпарат берді.

Әлжан ана ауылының тұрғындары үшін бұл музейдің тарихи мәні зор. Өйткені Қасық ауылдық округінің тұтас тарихы осында жинақталған. Ауылдан түлеп ұшқан танымал тұлғалардың тұтынған дүниесі де қойылған. Қазақ КСР-нің Білім және ғылым министрі, Сыртқы істер министрі болған Балжан Бөлтірікова, алғашқы акушер-гинеколог Жәмила Шурина, Сталиннен алғыс хат алған Әлібек Шубаев, Кеңес заманында оқу ісінің үздігі болған Қиябек Бірғожаев сынды республикаға аты танымал азаматтар жайлы мәлімет сақталған. Бұдан бөлек Елбасының анасы Әлжанның өмірінен сыр шертетін, құнды жәдігерлер де сақталған. Тұңғыш Президенттің шығармалары мен естеліктері басылған кітаптарды табуға болады. Нұрсұлтан Назарбаев сапар кезінде тарихи музейге арнайы ат басын бұрды.

Бұл – осы ауылдағы мәдениет үйі. Іргесі 1987 жылы қаланған. Осыдан 4-5 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтіп, жаңаша кейіпке енді. Нысанға бір мезгілде 250 адам сыйып кетеді. Жоғарғы қабаты Әлжан ана жайлы түрлі деректермен толықса, төменгі қабатында әжелер ансамблі, ән, би үйірмелері жұмыс істейді. Ауылдық ақсақалдар алқасы да осында. Бір бұрышында Әлжан ана атындағы ауылдық кітапхана орналасқан.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы:

- 4 мың тұрғыны бар ауылға керемет Мәдениет үйінің болғаны қандай жақсы. Ішінде ән салатын, би билейтін үйірмелер бар. Жастарымызға осындай жағдайды жасап жатырмыз. Қарсы алып, қуантқандарыңа көп рақмет. Дауыстарың шыңдала берсін. Бақыттарың өсе берсін, ғұмырларың ұзақ болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, әлі талай қызықтарға жете береміз. Аман-сау болыңдар!

Елбасы сапар барысында ауылдағы спорттық-сауықтыру кешенінде де болды. Өткен жылы пайдалануға берілген әмбебап кешенде спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға мүмкіндік бар. Ауданы 1400 шаршы метрден асатын спорт кешенінің құрылысына «Менің Елім» әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында «Самұрық-Қазына» қоры қаржы бөліпті. Қазіргі таңда спорттың 6 түрінен 254 оқушы жаттығып жүр. Нұрсұлтан Назарбаев жарылыстан зардап шеккен Байзақ ауданының қазіргі жағдайын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтан сұрап білді.

Бердібек Сапарбаев, Жамбыл облысының әкімі:

- Өкінішке орай жарылыстан 17 адам қайтыс болды. Өткенде өзіңіз телефон арқылы тапсырма берген болатынсыз. 122 нысанға зақым келген, оның ішінде 106-сы – тұрғын үйлер, 75-сі орташа зақымданған. Оның бәрін қалпына келтірдік. Қалған 35 үйді реттеп жатырмыз. Үкіметке өз ұсынымызды тастадық. Қаржы бөлеміз деп жатыр.

Кездесуде тұрғындарға көмек көрсету, қалпына келтіру жұмыстарына жауапкершілікпен қарау жайлы сөйлесті. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы да сөз етілді. Елбасы облыс әкімінің жұмысына оң бағасын берді.

Авторы: Шынар Асанқызы

Сондай-ақ...