Хабар телеарнасы

БАҚ туралы заңға өзгертулер енгізудің уақыты келді – маман пікірі

Осы оқиғаға байланысты Қазақстан Медиа Альянсы қауымдастығы мәлімдеме жасады. Оның мәтінінде: «Тілшіге қатысты өрескел әрекет Қазақстан Республикасының БАҚ туралы заңының 1-бап, 18-тармақшасына және 2-бап, 1-ші және 2-ші тармақшаларына мүлдем қайшы. Кез келген БАҚ қызметкерінің кәсіби міндетін атқаруға ешкімнің де кедергі келтіруіне болмайды. Мемлекет басшысының «Еститін Үкімет» қағидасына қарсы оқиғаға жол бергендері үшін әкімдік басшысы мен оған қатысы бар мемлекеттік қызметкерлер тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс», - делінген. «Бұл БАҚ туралы заңның 20-бабына да қайшы», - дейді белгілі журналист әрі сенатор Нұртөре Жүсіп.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, журналист:

 - Жалпы бұл оқиға журналистика саласында біраз қордаланған мәселелердің бар екенін көрсетеді. 20-бапта кез келген мемлекеттік немесе жекеменшік мекемеге журналистің кіріп, өзіне қажет ақпаратты алуға құқығы бар деп жазылған. Сондықтан бұл тұрғыдан алғанда мәселеге жан-жақты қарауымыз керек және БАҚ туралы тиісті заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізудің уақыты келді. Сол секілді жалпы журналист мәртебесі туралы мәселені арнайы қарау қажет секілді.