Хабар телеарнасы

Ақтөбеде итке таланған бала қайтыс болды

Ата-анасы ойын баласынан кешкілік көз жазып қалған. Түн ортасында полицияға хабарласыпты. Артынша оның өлі денесі сол маңдағы құрылыс алаңдарының бірінен табылған.

Қаза болған жеткіншектің денесін күзетші Оспан Құрманғали тауып алған. Әдеттегідей құрылыс алаңын тексеруге шыққан ол қараңғыда қарауытып жатқан киім-кешекті қоқыс па деп ойлаған. Адам баласы екенін қасына келген кезде-ақ бір байқапты. «Лезде полицейлерге хабар бердім», - дейді.

Оспан Құрманғали, құрылыс алаңының күзетшісі:

- Сағат 19:00-де жұмысшылар кетеді. Бұл жағдай содан кейін болған. Біз құрылыс алаңын тексеруге шыққанда тауып алдық. Қатты талап тастаған. Аяғы, қолы – бәрі жара. Иығында, желкесінде жара бар.

Кеше ғана көз алдында жүрген неремересінің орнын сипап қалған атасы айтарға сөз таба алмайды. Кешкілік 19:30 шамасында есік алдына ойнауға кеткеннен оралмады деп налып отыр. Қара жамылған отбасы шарасыз. «Босып жүрген бұралқы иттердің дер кезінде көзін жойғанда, қайғылы оқиғаға душар болмас едік», - дейді.

Шәкірат Абшанов, марқұмның атасы:

- Адамнан ит қымбат болып тұр ғой. Иттің өмірі қымбат болып тұр ғой. Жай қарапайым уақытта балаларымыздан қалай айырылып қаламыз? Сол иттерді неге атпасқа?! Неге құртпасқа?! Енді мен қанша жыласам да, еңіресем де, балам қайтып келмейді.

Мадияр Шәкіраттың топ болып адамға шауып жүрген иттердің құрбаны болғанға ешқандай шүбә жоқ. Себебі тәртіп сақшыларының өзі: «Жеткіншектің денесінде сау жер қалмаған», - дейді. Қазір бұл дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр. 

Ардана Саймағамбетов, Ақтөбе облыстық ПД ЖПБ бастығы:

- Жас баланың көп қан жоғалту, бастың, дененің, қол мен аяқтың көптеген жарақаты түріндегі зорлықпен өлу белгілері бар мәйтінің табылу дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Алдын ала болжам бойынша, өлімнің себебі жануардың тістеуінен болуы мүмкін. Оған көптеген сараптама тағайындалды. Қылмыстық іс жүргізілуде.

Облыс әкімінің орынбасары қалада қараусыз жүрген азулылардың тым көп екенін мойындап отыр. Ал олардың көзін құртуға «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңы қолбайлау. Жаңа талапқа сәйкес, бұралқы ит-мысықты адамға немесе үй жануарларына қауіп келген кезде ғана құртуға рұқсат бар. Онда да ветеринар мамандарға учаскелік полиция инспекторы ақпарат жолдағаннан кейін шара қолданылады.

Жақсығали Иманқұлов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

- 25 мамырдан 10 маусымға дейін 274 бұралқы ит жойылды. Бірақ оның саны бұрынғыға қарағанда өте аз. Бұл жағдайды шешу өте қиын. Себебі иттің саны азаймайды. Керісінше көбейіп жатыр.

Ақтөбеде бұралқы иттердің адамға шабуы биыл бірінші рет емес. Шамамен бір ай бұрын 13 жастағы қыз баланы үйірімен жүрген ит талап, бір өлімнен қалған еді. Ол дерекке қатысты да қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталған. Бірақ әлі күнге дейін нәтиже де жоқ, жауапты тұлғалар да анықталған жоқ.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков