Хабар телеарнасы

Терезеден құлауға шақ қалған бүлдіршінді қызылордалық Сәбит Шонтақбаев құтқарып қалды

Оқиға Камал-2 тұрғын үй кешенінде болды. Куәгерлердің айтуынша, кішкентай қыз балконның ернеуіне ілініп қалған. Оны 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев даладан байқап қалып, бірден 7-қабатқа көтерілген. Көршісінің балконындағы терезеден шығып, өз өмірін қатерге тіккен жігіт ағасы 3 жасар қызды құлап бара жатқан сәтінде ұстап қалды.

Сәбит Шонтақбаев:

- Сағат 10:00-да жұмысқа шығып бара жатқанмын. Бұрылыста 2-3 кісі жиналып тұр екен. Не болып қалды деп қарасақ, 8-қабатта терезеден бүлдіршін ілініп тұр. Менің бар ойым тек баланы құтқару болды. Көп ойланбадым, бірден 7-қабатқа көтерілдім. Көршінің есігін қағып, ішке кіріп, кішкентай терезеден сол баланы құтқаруға тырыстым.

Жалғыз емес, жанында досы бар. Белдік пен арқан жоқтығына қарамастан, жауапты сәтте серігіне демеу болып, аяғынан ұстаған.

Сағи Жылқышиев, қала тұрғыны:

- Сәбит терезеден шығып бара жатқанда, құлап кетпесін деп ұстап тұрдық. Терезе қатты ашылып кетпесін не жабылып қалмасын деп аяғынан ұстадық. Сәбит шапшаң қимылдап, терезеден шығып, қызды құтқарып қалды. Біз көршіге баланы тапсырдық та, әрі қарай жұмысқа кетіп қалдық.

Баланы аман алып қалған Сәбит Шонтақбаев – төрт баланың әкесі. Бала-шағасы мен жары Қызылордада. 14 жыл бойы үй ішімен жалдамалы баспананы амалдап жүргендіктен, жағдай жақсарар деп елордаға жұмыс істеуге келген.

Әрине, бейбіт күннің батырының әрекеті ескерусіз қалмады. Төтеншеліктер көрсеткен көзсіз ерлігі үшін төсбелгімен марапаттады. Ал демеушілер Қызылордадан баспана әпереміз деп уәде етті. Тіпті аяғынан ұстаған досының да несиесін халық болып жұмыла жаппақшы.

Айтпағымыз, бір адамның өмірін құтқару бүкіл адамзаттың өмірін құтқарумен тең демекші, азаматтың жасаған жақсылығы еселеніп қайтты.

Авторлары: Дана Алиева, Айбын Құсанбеков