Хабар телеарнасы

Алматыда Атабаевтың шығармашылығына арналған «Художник и бунтарь» атты кітаптың тұсауы кесілді

Жинақтың құрастырушысы – тарихшы ғалым Әбдіжаппар Абдакимов. Оған белгілі режиссердің ойтолғамдары мен замандастарының естеліктері енген. Майталман маман 50-ге жуық спектакль қойып, көптеген шәкірт дайындады. Бірнеше жыл Германияда актерлік шеберлік бойынша дәріс оқыды. Сол жақта жүріп, Ілияс Жансүгіровтің «Кұлагерін» неміс тілінде қойды. 2005 жылы «Ақсарай» театрын ашып, «Қыз Жібек» пьесасын мюзикл жанрымен сахналады. Одан кейін де ондаған туындыны өте сәтті шығарып, көрермен ықыласына бөленді. Еңбектері халықаралық фестивальдерде топ жарды. Студенттер көпшілікке «Тарихқа тағзым» тақырыбымен қойылым ұсынды. 

Мұрат Әбзелбаев, мәдениет қайраткері:
-Сахнада да, өмірде де шындықты, шынайылықты, әділеттілікті аңсап сол үшін шырылдап өткен жігіт қой. Ол жылдары Қазақстанда мықты 3 режиссер болатын болса, соның бірі Болат Атабаев болды. Өзінің «Ақсарай» театрын ашып, ондағы бір мақсаты ешкімге ұқсамайтын театр ашып, ешкімге ұқсамайтын актерлар тәрбиелеп өзінің ойын сахна арқылы іске асырғысы келді.