21:00Эфирде: Тұсаукесер! "Көзімді жұмсам да..."
23:00Әрі қарай: Телесериал. "Вторая жизнь Евы"
+7 (7172) 757 555
sale@khabar.kz

Абай күніне орай хәкімді ұлықтауға арналған іс-шаралар өтті

  • Категория: Мәдениет
Абай күніне орай хәкімді ұлықтауға арналған іс-шаралар өтті

10 тамыз қазақтың бас ақыны, Ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының туған күні.

Үкімет қаулысымен бұл дата Абай күні болып бекітілгені белгілі. Мемлекеттік мерекелер күнтізбесіне енгізілген. Осыған орай еліміздің әр өңірінде хәкімді ұлықтауға, оның асыл қазынасын дәріптеуге арналған іс-шаралар өтті. 

Ұлы ақынның туған күні жаңадан құрылған Абай облысында кең көлемде атап өтілді. Семейдегі шаралар ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мерекелік бағдарлама аясында қалада кәсіпкерлер форумы, футбол матчы, бірнеше кездесу ұйымдастырылды. Ал «Қазақ концерт» ұжымы «Ұлы дала – Ұлы Абай» атты үлкен концертік бағдарлама жасапты.  

Ақтоты Райымқұлова, «Қазақ Концерт» мемлекеттік концерттік ұйымының директоры:

- Ең алдымен, Абай жерінен бастадық. Семей қаласында үлкен концерт береміз. Жобаның мақсаты – өнер шығармаларының қолжетімділігін арттыру, өңірлерге бару, шағын қалалар мен ауылдарға барып, өнерімізді көрсету.

Алматыда Абайдың нақыл сөздері айтылып, өлеңдері мен қара сөздері оқылды. Әндері орындады. «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» деп аталатын шараға театр әртістерімен қатар, ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері де белсене қатысты. «Ұлт ұстазының күні ұлттық мейрам болуы керек», - дейді жиналғандар.

Қали Сәрсенбай, «Ана тілі» газетінің бас редакторы:

- Мысалы, адам өзінің денсаулығын дұрыстау үшін түрлі дәрумен ішеді. Аурулардың алдын алу үшін рухани дәрумен керек. Меніңше, рухани жан дүниесі таза адам аз ауырады. Сондықтан Абайды оқу керек. Абайдан асқан рухани дәрумен жоқ.

Бас қаладағы кітапхана мен музейлер де бүгінгі күнді қазақтың бас ақынына арнады. Мұнда Абайдың өз шығармалары мен ол туралы жазылған кітаптардың көрмесі өтті. Арасында ақынның ең алғаш басылған кітабы және өз қолымен жазған еңбектердің көшірмесі де бар.

Ғазиза Құдайбергенқызы, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры:

- Абайды насихаттамау, Абай күнін өткізбеу мүмкін емес. Сондықтан бұл – жоспарлы түрде жылда өтетін шара. Бүгін жиналған жастар, оқырмандар Абайдың әрбір сөзінен тәлім алып кетсе, біздің мақсаттың орындалғаны.

Абай – ұлт ұстазы. Оның мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. «Шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады», - дейді жиналғандар.

Авторлары: Ердәулет Ыбырайұлы, Дархан Күнтуов

Сондай-ақ...