Хабар телеарнасы

Лисаков маңындағы көне қорымдар толық зерттелмек

Лисаков маңындағы көне қорымдар толық зерттелмек

Ежелгі қола дәуіріне тән зираттар биыл толық зерттелмек. Ғалымдардың бұл жолғы экспедициясы қарапайым жомарт жандардың арқасында мүмкін болды.

Эмма Усманова Жоғарғы Тобыл аумағына осымен бесінші рет сапарға шығып отыр. Археологтың мақсаты – Андронов мәдениетінен қалған қорымдарды соңына дейін зерттеу. Шілде айынан бергі нәтиже ауыз толтырып айтарлықтай. Мысалы, Новоильинов елді мекені маңындағы қорымдардан көне Батыс Еуропа мен дала тайпаларына тиесілі жәдігерлер табылды.

Эмма Усманова, археолог:

- Өте сирек кездесетін мегалит мәдениетіне тап болып жатырмыз. Яғни қорымдар таспен бітелген. Тайпалар оны жақын маңайдағы карьерлерден тасып әкелген. Бұл – қажырлы еңбек. Олар бір орында отырмай, үнемі қозғалыста болған. Қабірлерден түрлі метал, әшекей бұйым табылып жатыр. Бірақ көбі тоналған. Бұны тайпалар салт бойынша өздері жасаған деген болжам бар.  

Ерте темір дәуіріндегі сарматтардың қорымдары да археологтардың қызығушылығын тудырды. Олар Орынбор аумағына өткенде қайтыс болғандарды осы жерде қалдырған. Қабірлерді ашық-шашық емес, айнала ор қазып қоршау арқылы қорғаныс ретінде пайдаланған.         

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Қазір оннан аса қорым зерттелу үстінде. Археологиялық қазба жұмыстарына волонтерлар да тартылған. Осылайша, жастар тамыры терең тарихпен танысу мүмкіндігіне ие. Жалпы зерттеушілерге көмек білдіремін деушілер қатары әлі де арта түспек. Мысалы, тамыз айының соңына қарай Самарқан және Ресейдің бірқатар облысынан волонтерлар келеді деп жоспарланған. 

Артем Якимов Ресей ғылым академиясының Сібір бөлімінен келген. Оның жұмысы – топырақты зерттеп, қорымдардың жасын анықтау.  

Артем Якимов, жер криосферасы институтының жетекші ғылыми қызметкері /Ресей/:

- Бұл жерде әр дәуірдің қорғаны бар. Сирек құбылыс дер едім. Бізге ескерткіштердің жасын, жылдың қандай мезгілінде пайда болғанын анықтау қиынға соқпайды.

Негізі экспедицияға бастапқыда бөлінген қаражат жеткіліксіз болған. Ал қазір шығынның бір бөлігі жомарт жандардың арқасында өтеліп жатыр. Олардың көмегімен жарты миллион теңгедей жиналыпты. Археологиялық қазба жұмыстары қыркүйек айына дейін толық аяқталуы тиіс. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Сергей Трахтенберг