Хабар телеарнасы

Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Хабар» арнасында «Өнер барысы» жобасы көрерменге жол тартады

Өнер барысы

16 желтоқсан күні сағат 13:00-де отандық әртістер мен әлеуметтік желіде танымал болған жұлдыздар күрес алаңына күш сынасу үшін жиналады.

Жоба қарсаңында ұйымдастырушылар баспасөз конференциясын өткізіп, алдағы шоу туралы баяндап берді. 

Биыл шоуға 28 қатысушы іріктеліп алынған. Барлығы қалыптасқан дәстүр бойынша өтеді, яғни алдымен салмақ топтары құрылып, кейін нағыз күрестің өзі басталады. Ойын ережесі кәсіби спорттағыдай: қапсыра ұстау, лақтыру және қолды қапсыра ұстап қағу сияқты күш техникаларын қолдану арқылы жүзеге асады. Бір ерекшелігі, жекпе-жектерге кәсіби балуандар емес, еліміздің танымал азаматтары қатысады.

Жоба ұйымдастырушылары көрерменді керемет шоу күтеді деген сенімде.

Мейіржан Әлібек, жоба ұйымдастырушысы:

- Биыл қатысушылардың 60%-ы – жобаға алғаш келгендер. Олар спорттың техникасын әлі жақсы игермеген. Қазір біз оларды жаттықтырып, дайындап жатырмыз. Жарысқа белгілі блогерлерді, әншілерді, композиторларды шақырдық.

Алғашқы «Өнер барысы» жарысы 2019 жылы еліміздің елордасы – Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Жобаның жанкүйерлері көп болғандықтан, теле-шоу жыл сайын өткізіле бастады. Бұл жолы жұлдыздар төрт салмақ дәрежесінде жарысады: жеңіл, орташа, ауыр және өте ауыр.

«Өнер барысы» жобасы республикалық «Қазақ күресі» федерациясының жарыстар күнтізбесіне енгізілді. Оның басты мақсаты – қазақ күресін және салауатты өмір салтын насихаттау. Байқауға Еркебұлан Дайыров, Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген сияқты актерлерден бөлек, әлеуметтік желілердегі танымал блогерлер қатысады. Олардың арасында Есентай Ниязбаев, Мансар Орынхан бар.     

Рүстем Жаныаманов, актер, «Өнер барысы 2021» жобасының қатысушысы:

 - Жобаға қатысу туралы ұсыныс түскен кезде бірден келістім. Маған шоудың жарысу сипаты ұнайды. Ұлдарым өсіп келеді, мен оларға үлгі болуым керек.

Байқаудың жалпы жүлде қоры – 16 миллион теңге. Ал әрбір салмақ дәрежесіндегі жеңімпаз бір миллионнан астам теңгені ұтып алады. Биыл жоба ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды.