Хабар телеарнасы

Түркістан облысының ардагерлеріне ₸1,5 млн беріледі. Өңір жаңалықтары

Түркістан облысында 11 қарт майдангерге 1,5 млн теңгеден беріледі. Соғыс ардагеріне теңестірілген 121 адамға 100 мың, ал 3 мың 500-ден астам тыл еңбеккеріне 30 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек беріледі. Жалпы өңірден майданға 140 мыңнан астам жауынгер аттанған. Оның 70 мыңы елге аман оралған. 51 азамат Кеңес Одағының Батыры, 8-і «Даңқ» орденінің иегері атанды.

Отан үшін от кешкен майдангерлердің ерлігі әркез өскелең ұрпаққа өнеге. AMANAT партиясының өкілдері ардагерлерге құрмет көрсетті. Батыс Қазақстанда Жеңістің 79 жылдығын 14 ардагер қарсы алмақ.

Солардың бірі - Вениамин Скаленко. 17 жасында майданға сұранып, Польша, Бельгия, Австрия мен Чехословакияны азат етуге қатысқан. Ерлігі еленіп, түрлі медальдармен марапатталған. Соғыстан соң халық шаруашылығын қалпына келтіруге атсалысады. Биыл күзде жүзге келетін қарт: «Ең қымбаты - ел тыныштығы», - дейді.

Павлодардың 5512 әскери бөлімінде ашық есік күні өтті. Мектеп оқушылары Отан алдындағы әскери борышын өтеп жүрген Ұлттық ұлан сарбаздарының өмірімен танысты. Әскери техникалар, қару-жарақ түрлері мен кинологиялық қызметпен танысты.

Бүгінде  материалдық-техикалық базаны нығайтуға баса мән беріліп отыр. Сарбаздар жаңа казармада тұрып жатыр. Жаңа үлгіде салынған модульді ғимараттар осы жылдың ақпан айында қолданысқа берілген.

Әскери оқу орындарына түсу үшін не істеу керек? Талдықорғанда инспекторлар әрбір оқушыларға әскери институттар жайында мол мағлұмат берді. Жастарды азаматтық борышын өтеуге шақырды.

Ал ауған соғысының ардагері елге қызмет етудің маңыздылығын түсіндірді. Жүздесу «Қайсар» әскери патриоттық жобасы аясында ұйымдастырылды.