Хабар телеарнасы

Бақытжан Базарбек: Су қоймаларын бақылау қажет

Солтүстік Қазақстан облысында болған тасқынды тосыннан келген табиғи апат емес, су қоймаларындағы былықтардың кесірі дерсіз.

Мәжілісте депутат Бақытжан Базарбек біраз мәселенің басын ашты. Айтуынша, Сергеев су қоймасы жанындағы кен өндіру жобасы халыққа әлі де қауіп төндіруі мүмкін. Себебі су көлемі жобалық қуатынан 80% асқан.

Одан бөлек, су қорғау аймағында пайдалы қазбаны жарылғыш зат арқылы игерген. Тіпті оның су қоймасына қалай әсер еткенін тексермеген. Ал жер жалдау мерзімі де, белгісіз жағдайда ұзарыпты.

Ал Алматы қаласының іргесіндегі Ақсай бөгетінің жағдайы да мәз емес. Өңірдегі жауапты бақылау орган 22 млрд теңге тұратын су бөгетінің құрылысын тоқтатқан. Бастапқы жобаға өзгеріс енгізіп, мемлекеттік сараптамаға жібермей, рұқсатсыз салыныпты. Кесірінен 30 мың адамның өмірін сақтауға тиіс нысанның сапасы сын көтермейді.

Бақытжан Базарбек,  ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Алматы облысындағы Ворошилов су қоймасын басқарып отырған кәсіпкер үш жылдан бері нысанның бойындағы ақауларды жоймай отыр. Дегенмен қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Сот қалалық төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесінің лауазымды тұлғаларының әрекетіне құқықтық баға береді деп үміттенемін.  

Ал тасқын кезінде билет бағасын қымбаттатқан пысықайлардың әрекетін тексеріп, қатаң шара кабылдау қажет. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мәселе көтерді. Айтуынша, халық қарғын сумен күресіп әбігерге түсіп жатқанда, әуе және теміржол компаниялары билет бағаларын шарықтатып жіберген.

Мәселен, Атыраудан Ақтауға ұшу үшін бір билет құны 170 мың теңгеге дейін көтерілген. Ал Атыраудан Алматыға билет бағасы 675 мың теңгеге дейін қымбаттапты. Одан қала берді, құны 50 теңге тұратын қапшықтың бағасын 200-300 теңгеге дейін өсіріп жатқандар да аз емес. «Дегенмен бағаны бақылау мемлекетке жүктелген міндет»,- дейді депутат.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаты:
- Әсіресе топан судан зардап шеккен өңірлерді жалғайтын көлік қатынасына ерекше назар аударсын. Екінші, әуе қатынастары тарифтерінің өспеуін тек 24 сәуірге дейін ұстап тұрмай, одан кейін де билет бағасының жыл он екі ай тұрақты болу мәселесін қарастыру керек. Су тасқыны орын алған өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік, жанар-жағармай, құрал-сайман, құрылыс материалдарының және тағы да басқа тауар түрлерінің бағасын тұрақтандыруды қолға алсын және өсуіне жол бермесін.