Хабар телеарнасы

Жылыойдан тұрғындарды эвакуациялау жалғасып жатыр

Жылыой ауданынан Маңғыстауға көшірілген адамдар арнайы орталықтарға орналастырылып жатыр. Олар ыстық тамақ, күнделікті тұтынатын заттармен қамтамасыз етілген. Атыраудан келген ағайынды құшақ жая қарсы алып, өз үйіне алып кетіп жатқан азаматтар да аз емес. Эвакуация орталықтарында қанша адам тұрып жатыр? Ондағы халыққа қаншалықты жағдай жасалған?

Талғат Исламұлы тілші:
- Өткен аптадан бері Жылыойдан Маңғыстауға 20 мың 200 адам көшірілген. Көпшілігі Бейнеу ауданында уақытша қалғысы келеді. Оның себебі түсінікті. Бейнеу, Боранқұл мен Сарға Атырауға жақын орналасқан елді мекендер. Тасқын судың беті қайтысымен, туған жерге оралмақ. Қазір аудандағы 37 эвакуация орталығында орын жоқ. Сондықтан жаңадан келіп жатқандар Ақтау, Жаңаөзен қаласы мен төрт аудандағы  уақытша орналасу орталықтарына жіберіліп жатыр. Біз баспанасыз қалған төрт баланың анасымен тілдесіп, 84 жастағы Құлсары тұрғынының жай-күйін сұрадық.

Меруерт Молдашева, Құлсары қаласының тұрғыны:
- Үш жыл дегенде салып бітірдік сол үйді. Енді орналасып, бәрін жайғастырып, керек заттың барлығы бар шүкірміз деп жүргенде, осындай жағдайға тап болдық. Бүкіл затым қазір тек екі чемоданда. Болды, басқа дым жоқ. Мен шыққан кезде бетімді сүртетін ормал да алмаған екенмін.

Елдес Елеукенов, Жылыой ауданының тұрғыны:
- Бірінші рет мынадай тасқынның қайта-қайта келіп жатқанын көріп тұрмын. Хабар алып отырмыз, білмеймін қазір тағы да су келіп жатыр дейді ғой. Онымен не боларын қайдан білейін. Жалпы жаман емес сияқты. Шүкір, деп жатырмыз ғой. Бала-шағамыз аман болсын.

Талғат Исламұлы, тілші:
- Айта кетейік, Жылыой ауданынан көшірілгендер арасында 2139 оқушы мен 54 студент бар. Дүйсенбіден бері олар сабағын жалғастырып жатыр. 2073 бала онлайн, қалғаны дәстүрлі форматта білім алуда. Маңғыстау облысында қашықтықтан оқыту 12 сәуірге дейін жалғасады. Атырау облысыан келген балалар қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілген. Білім басқармасы әлеуметтік желіде «Атырау облысына көмек» атты парақша ашты. Оған атыраулық оқушыларды оқытуға жауапты қызметкерлер туралы ақпарат енгізілген.