Хабар телеарнасы

Республика бойынша 550 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтар үшін жиналған гуманитарлық көмек көлемі 550 тоннадан асты. Бұл туралы «Ұлттық волонтерлік желі» өкілдері мәлімдеді. Жиналған жылудың әзірге 370 тоннасы қажетті елді мекендерге жеткізіліпті. Жүкті қабылдап алу мен тарату, жалпы төтенше жағдай кезіндегі жұмыстарға республика бойынша 25 мың ерікті көмектесіп жатыр. Аймақтар бойынша айтсақ, Бейнеудегі уақытша орналасу орталығына көшірілген атыраулықтарға 22 тонна гуманитарлық көмек барды. Азық-түлік, киім-кешек пен күнделікті тұтынатын заттар тиелген тағы бір жүк көлігі Ақтаудан жолға шығыпты. Тасқын болған аймақтарға Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктері де жылу жинауда. Гуманитарлық көмектің құны шамамен 40 миллион теңге. Өңір тұрғындары бірнеше күнде 60 миллион теңгенің гуманитарлық көмегін жіберген. Жетісулықтар да белсенді. Өңірден 85 тонна гуманитарлық көмек Батыс Қазақстан облысына жолданды. Үш көлікке тиелген заттар апта соңына дейін апат аймағына жетуі тиіс. Игі іске тұрғындар, қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктер мен кәсіпкерлер қолдау көрсетіпті.