Хабар телеарнасы

Түркістан облысында жаңа су қоймасы салынады

Түркістан облысының Төлеби ауданында жаңа су қоймасының құрылысы қайта жанданды. Аумағы 13 гектар жерді алып жатқан бұл нысанға 1 млн текше метр су сыяды. Онда негізінен еріген қар мен жаңбырдың және бастаулардың суы жиналады. Ол өз кезегінде Кемеқалған ауылдық округіндегі су тапшылығын жоюға мүмкіндік бермек. Өйткені ауыл тұрғындары судың жоқтығынан бау-бақша еге алмай отыр.

Өткен жылы бюджеттен 1 млрд 123 млн теңге бөлініп, жасанды су қоймасы салына бастаған еді.

Заузат Қайыпбеков, алма бағының атқарушы директоры:
- Қыстыгүні қардың суы, ерте көктемнің суы, бәрі ағып кетеді. Ағып, сай-саламен кетеді де, Бадамға құяды. Бадам Арысқа құяды, сонымен кетеді. Ешқандай су ұстай алмай қаламыз. Үкімет басшылары айтып жатыр ғой, «суларды ұстап қалайық, платина салайық» деп. Соны қолдаймын мен.

Асхат Райымбеков, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Ағын судың көлемі азайып бара жатыр жылдан жылға. Ол енді климаттың өзгеруіне тікелей байланысты шығар. Енді осыған байланысты биылғы жылы ауданымызда 500 гектар  жерге су үнемдеу технологиясын енгізуді жоспарлап отырмыз.