Хабар телеарнасы

Елімізде 18 жаңа қала пайда болуы мүмкін

Олар тұрғыны көп ауылдардың мәртебесін өзгерту арқылы құрылады. Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды. Жиында елді мекендерді дамыту мәселесі қаралған. Бұл сұрақ жыл өткен сайын өзекті бола түсуде. Халық жаппай көшкендіктен, соңғы 10 жылда 582 ауыл жойылған. Бұл үрдісті тоқтату мүмкін бе? Оның алдын алу үшін қандай шаралар жасалуда?

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Ауылдардың мәселесі. Оған жеңіл-желпі қарауға болмайды. Қазір Қазақстан халқының 38% астамы елді мекендерде тұрады. Бұл дегеніміз 7 млн 600 мың адам.

Бүгінгі таңда республикамызда 6 256 елді мекен бар. Ондағы тұрғындардың 33% өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. 4,7% жұмыссыз. Дәл осы жұмыстың болмауынан халық қалаға ағылуда. Тұрғыны азайғандықтан, 2014 жылдан бері 582 ауыл жойылыпты.

Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
-  Министрлік жыл сайын талдау жүргізеді. Негізінен ауыл санының қысқаруы халық саны 50 адамнан кем ауылдар жақын маңдағы ауылдың құрамына енгізу арқылы жасалды.

Үкімет тұруға мейлінше жайлы ауылдардың да тізімін шығарыпты. Олардың саны – 1  296. Талдау қорытындысына сәкес сапалы жол, ауызсу, медицина, мәдениет үйі, білім беру сияқты қызметтер қолжетімді өңірлер Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе. Ал деңгейі төмендер тізімінде Шығыс Қазақстан, Ұлытау мен Абай облыстары тұр.

Олжас Бектенов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
- Жобалардың басымдығын және ауыл тұрғындарының барлығына бірдей игіліктердің қолжетімді болуын назарда ұстау керек. Әйтпесе кейбір ауылдарда екі медпункт бар, кей жерлерде бір де біреу жоспарланбаған. Басқа объектілерге қатысты да осындай.

Премьер-министр сондай-ақ халық тығыз орналасқан ауылдардың мәртебесін қайта қарау қажеттігін айтты. Қазірдің өзінде тұрғындары 30 мыңнан асатын 18 елді мекен бар. Демек 18 жаңа қала құруға болады. Мұндай шешімді тұрғындар ниет танытса, облыс әкімдіктері қабылдауға құқылы. 

Былтыр ауыл аумақты дамытудың тұжырымдамасы қабылданған. 2019 жылдан бері «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Оның аясында 4 900 сумен жабдықтау шаралары іске асырылып, 176 ауыл ғаламторға қосылыпты. 85 медициналық нысан пайдалануға беріліген.

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші:
- Дегенмен шешілуі тиіс мәселелер де көп. Ол үшін алдымен ауыл бюджетін ұлғайту қажет. Ал атқарылатын іс ауылдағы ағайынның сұранысана сай болуы керек. Шекара маңындағы елді мекендер мәселесі жеке талдауды қажет етеді. Қазір ол жерлерде 2 млн жуық халық тұрады. 1 400 ауыл бар. Олардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек.

Ердәулет Ыбырайұлы, Алібек Әлиев