Хабар телеарнасы

Үкімет басшысы инфляцияны төмендетуді тапсырды

Жыл басынан бері екі айда күріш, жемістер мен сусындар сондай-ақ ұн-жарма өнімдері қымбаттаған. Бұл жөнінде Үкімет отырысында Премьер-министрдің өзі мәлімдеді. Сондай-ақ биыл Алматыда тұрғын үй құрылысының қарқыны баяулайды. Ал республикалық бюджеттің қаңтар-ақпан айларына жоспары ішінара орындалмаған. Олжас Бектенов кей мәселеде мемлекеттік органдардың жұмыстары әлі де ақсап жатқанын атап өтті. Министрлер кабинеті екі айдың экономикалық әлеуметтік нәтижелерін қорытындылады. Мемлекет экономикаға жиі араласа берсе, оның өсуіне тұсау болмай ма?

Жаңа Премьер келгелі атқарылмай қалған істерді, қол жетпеген нәтижелерді бүкпесіз ашып айту үрдісі байқалады. Сандарды сапырып, алаулатып-жалаулатып, ақ түйенің қарны жарылғандай апта сайын сүйінші сұрайтын баяндамалар енді кешегі күннің еншісінде қалды деуге болатын шығар, сірә. Хош, сонымен екі айдағы өсім қандай? 

Ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларында экономиканың өсімі 4% асты. Оның ішінде нақты сектордағы өсім 5,1% болса, қызмет көрсету саласы 3,5% өсті. Өнеркәсіп саласында өсім 7,4% жетсе, тау-кенде бұл көрсеткіш 2% жуық. Ауыл шаруашылығы өнімдері жыл басынан бері 1,3% көбейген. Өткен екі айда инвестиция тарту 8% жуықтады. Сыртқы сауда айналымы 10 млрд доллардың төңірегінде, оның 6 млрды – экспорт, 4 млрд доллары - импорт.

Ұлттық Экономика министрі ең негізгі макроэкономикалық 7 көрсеткіш бойынша еліміздің барлық өңірінің аяқ алысы әлі де шабан деп мәлімдеді. Өсудің көшіне ілескен аймақтар Қызылорда, Абай, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласы ғана. Министр Нұрлан Байбазаров тұрғын-үйді пайдалануға беру қарқыны былтырғы осы уақыттағы көрсеткіштен төмен екенін атап өтті. 

Нұрлан Байбазаров, ҚР Ұлттық Экономика министрі:
-Ағымдағы жылы қаңтар, ақпан айларында 2 млн шаршы метрден аса тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 3,4% төмен. Тұрғын үйді пайдалануға берудің айтарлықтай төмендеуі Ұлытау, Маңғыстау, Атырау облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында байқалды. Ең жоғары көрсеткіш Жетісу облысында және Астана қаласында тіркелді.

Олжас Бектенов Маңғыстау, Атырау, Ақмола облыстарының әкімдеріне бірқатар мәселе бойынша сұрақ қойды. Айталық Алматыда тұрғын үйді қолданысқа беру төмендеген. Себебін қалабасының өзі былай деп түсіндірді. 

Ерболат Досаев, Алматы қаласының әкімі:
-Мемлекет басшысының сейсмологиялық қауіпсіздікті күшейту, үйлерді тығыз салуға жол бермеу және қаладағы экологиялық жағдайды жақсарту шеңберінде Алматы қаласын дамыту жоспарында тұрғын үйді іске қосуды 2023 жылғы 2,5 млн шаршы метрден осы жылы 2 млн шаршы метрге дейін қысқарту қарастырылған. 

Инфляцияға келсек, жыл басынан бері екі айда оның көрсеткіші 9,3% маңайында. Былтыр осы уақытта ақшаның құнсыздануы 20% асып тұрғанын ескерсек, қымбатшылық екі есеге төмендеді деген сөз. Бірақ қазіргі нәтиженің өзі Премьер-министрдің көңілінен шыға қоймады. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Биыл Үкімет пен Ұлттық банктің алдында оны 8% төмен ұстап тұру міндеті тұр. Күріш, жұмыртқа, жемістер, сусындар, сарымай және макарон өнімдерінің бағасы қымбаттаған. Көріп отырғанымыздай бағасы өсіп кеткен позициялардың саны едәуір көп. Демек, бұл орталық және жергілікті органдар тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді.

Олжас Бектенов инфляцияны бәсеңдетуде шабан қимылдаған жергілікті билікке шара қолданатынын ескертті. Оффтейк келісімшарттар, тұрақтандыру қорлары, саудагерлермен келіссөздер, өнім бағасын төмендету үшін субсидия сияқты тетіктерді кеңінен қолдануды тапсырды. Әкімдер екі жеп дәндеген делдалдарды анықтасын деп шегеледі және вице-премьер Серік Жұманғаринге бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Бюджеттің жайына келсек. Қаңтар-ақпан айларында мемлекеттік бюджет кірісі 3 трлн 224 млрд теңге болған. Ал республикалық бюджетке 2 трлнға жуық кіріс кірген. Кірістер бойынша орындалмаған жоспар бар. Қаржы министрін тыңдап алайық. 

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі:
-Кірістер бойынша жоспар 396 млрд теңгеге орындалмады. Ол импортқа қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы және шикі мұнайға экспорттық кеден бажы. Басты себептердің бірі - негізгі экспорттық тауарларға әлемдік бағаның төмендеу үрдісі, мәселен, ағымдағы жылы қаңтар-ақпанда металлдардың бағасы орта есеппен 9,1% төмендеген. 

Үкімет басшысы айрықша тоқталқан келесі мәселе - жекешелендіру. Себебі - монополия, оның ішінде мемлекеттік меншік басым болған жерде әділ бәсекелестіктің ауасы тар, ауылы алыс келетіні экономиканың заңдылығы. Ал бәсекелестік бар жерде бағаның қалтаны қақпайтынын, өнімнің сапалы болатынын мектеп оқушысы да жақсы біледі. 

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
-Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылдың соңына қарай ЖІӨ-ң 14 пайызына дейін қысқартуға тиіспіз. Биыл кешенді жекешелендіру жоспарын 90% іске асыру қажет. Экономиканы тараптандыру жөніндегі шаралар нарықтық бәсекелестікті дамытуға, жекешелендіруді тиімді жүргізуге және квазимемлекеттік секторды реформалауға бағытталуға тиіс. Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесінің шын мәнінде төмендеуі және адал бәсекелестіктің дамуы аталған жұмыстың нәтижесі болуы керек. 

Жағымды жаңалық та бар. Мәселен, қаңтар-ақпан айларында ұлттық қордағы қаржы көбейіп 60 млрд долларға, алтын-валюта қоры 34 млдқа дейін өсіп, жиыны 96.4 млрд долларға жетті. Ал зейнетақы жинақ қорындағы салымдар екі айда 400 млрд теңгемен толығып, жалпы сомасы 18 жарым трлн теңгеге жуықтаған. Бұл бас салып, қазір қол сұқпасаң да, ертең бетін ары қылсын, дағдарыс келе қалса, біраз жиған ақшам бар еді деп, сенімді отыруға сеп.