Хабар телеарнасы

Газ баллонының жарылуы жиіледі

Жетісу облысында газ қоспасы мен баллонының жарылуы жиілеген. Мәселен, соңғы бес жылда 12 қайғылы оқиға тіркелсе, соның бесеуі өткен жылы болған. Салдарынан 10 адам жарақат алып, біреуі көз жұмды. Қауіптің алдын алу үшін облыстық Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері жергілікті әкімдікпен бірге арнайы рейд өткізді. Сала мамандары негізінен пәтерлерді аралады. Себебі қаладағы 800-ден аса көпқабатты үйдің 300-ден астамы табиғи газға қосылмаған. Ондағы тұрғындар электр плитасы мен газ баллондарын пайдаланып отыр. Мамандар қала халқына қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.

Еламан Әубәкіров, Жетісу облыстық ТЖД аға инженері:
-Газ баллонды екі қабаттан жоғары тұрғын үйлерде қолдануға болмайды. Тыйым салынған. Содан кейін газ баллонды жер үйде тұратын кісілерге суықтан алып жылы жерге, пештің қасына не жылы суға қоюға болмайды. Өйткені қысымы өзгеріп жарылыс болып жатады. Негізгі жеке тұрғын үй мен арнайы улы газдарды анықтайтын датчиктерді орнату керек болады.