Хабар телеарнасы

Ақмола облысында қызылша ауруы өршіп тұр

Ал Ақмола облысында өткен айда 23 науқас қызылшамен ауырса, қарашада сырқат саны 85 жетті. Жыл басынан бері 206 адамнан осы індеттің белгісі анықталған. Ауруды жұқтырғандардың көбі екпе алмаған. Сондықтан мамандар ауыл аймақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қазір облыстың емдеу мекемелерінде 11 мың доза вакцина бар. 

Айнагүл Мусина, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы: 
- Қазіргі уақытта старционарда 27 науқас ем алып жатыр. Ал 44 адам амбулаториялық деңгейде ем қабылдауда. Оның 24 - бала. Науқастардың жағдайы тұрақты. Тәулігіне қызылша дертімен 3-5 науқасқа дейін жүгінеді. Сондықтан дертке қарсы екпе егу қажет. Бірақ бүгінде екпеден бас тартқан ата-ана көп. Қазіргі мәліметке сәйкес, ауырған балалардың 44% вакцина алмағаны анықталды.

Алматы қаласында қызылша ауруы бойынша эпидахуал тұрақсыз. Наурыз айынан бері қызылшамен ауырған, зертханалық расталған 2 мың 653 жағдай тіркелді. Басым бөлігі – 14 жасқа дейінгі бала. Мектеп жасындағы 2 мыңнан астам бала қызылша жұқтырған. Науқастардың көпшілігі екпе алмаған. Екпе алуға медициналық қарсы көрсетілімдері бар балалар мен екпе жасына жетпеген нәрестелерді қоспағанда, ата-аналардың қарсылығымен вакцина салынбаған балалар 72% құрап отыр. Ал мамандардың айтуынша қызылшаның алдын алудағы ең тиімді жол – екпе алу.

Мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес қазір елімізде 6 айдан асқан балаларға да бекітілген күнтізбелік екпеден тыс қосымша иммундау жүргізілуде. Себебі қызылша асқынған жағдайда салдары ауыр болады.