Хабар телеарнасы

ШҚО-да қауіпті қорымдар қараусыз жатыр

Шығыс Қазақстанда осы қараталақтан өлген мал қорымдары қараусыз қалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері мониторинг жүргізу барысында 100 аса қорымды тапқан. Соның 95 ветеринарлық талапқа сай келмейді. Олардың кейбірі тұрғын үйлерге немесе мектепке жақын. Енді бірінің қоршаулары бұзылған, кейбірінде тіпті ескерту тақтайшасы жоқ.

Өскеменнің іргесінде ауырған мал көмілген жер мүлдем қоршаусыз тұр. Ал маңайында қаншама шаруа қожалықтары бар. Көптеген деректерге сүйенсек, қараталақтың қоздырғыштары топырақта ғасырлап сақталуы мүмкін.

Архат Бейсембаев, превенция басқармасының басшысы:
- Қоршалғаны бар, қоршалмағаны бар, не болмаса ескерту белгілері жоқтары бар. Солардың барлығын тиісті деңгейге жеткізіп, қоршап, жөндеу керек. Біреуі білуі мүмкін, біреу білмеуі мүмкін, бірақ заң талаптарына сәйкес болуы керек. 

Оралда да қараталақтан өлген малдың қорымы тұрғын үйлерге тиіп тұр. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес мұндай қауіпті орынның санитарлық радиусы кемінде бір шақырым болуы тиіс. Мамандардың айтуынша, мұнда ауру мал 1977 жылы көмілген. Кейін қоршауы жаңартылыпты. Ал таяқ тастам жерден тұрғын үйлер мен әкімдік ғимараты салынған. Тұрғындардың кейбірі қоршаудың қандай нысан екенінен де бейхабар. Жалпы облыста індеттен қырылған малдың 222 қорымы бар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары жүргізген мониторинг нәтижесінде осындай 117 орынның қараусыз қалғаны анықталған. 

Мастура Досмағамбетова, қала тұрғыны:
- Оны мен бірінші рет естіп тұрмын. Қадағалау керек еді. Қарастыру керек еді. Олай болмайды ғой. Қазір қанша ауру шығып жатыр.

Берік Ералиев, облыстық ветеринария басқармасының бөлім басшысы: 
- Совет үкіметі кезінде тіркелген жағдай. Одан кейін ондай талаптар болған жоқ қой. Оны 2015 жылы қабылдады Қазақстан қағидасына. Ұрлау фактілері болды, аздап қоршаулары бұзылған. Қазір жұмыстар жүргізілуде. Қоршау қайтадан жасалып жатыр.