Хабар телеарнасы

Риддер ЖЭО-ның бұрынғы меншік иелері қарызын төледі

Риддер жылу электр орталығының бұрынғы иелері нысанның 5,5 млрд теңгеден астам қарызын өтеді. Бұл туралы Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. Құзырлы органның аймақтағы департаменті жүргізген тергеу барысында борыштың бәрі толық өтелген. Оның ішінде жұмысшылардың жалақысы мен салық міндеттемелері бойынша берешектер де бар. Осылайша, жылу орталығы ешқандай қарызсыз мемлекет меншігіне тегін қайтарылды.

Әлібек Әбділов, ҚР ҚМА ресми өкілі: 
- Риддер ЖЭО-ның бұрынғы лауазымды тұлғалары жөндеу жұмыстарына арналған қаражатты ұрлаған. Нәтижесінде қала тұрғындары жылу энергиясын беру кезінде станция бірнеше рет істен шыққан. Жылу электр орталығының бұрынғы басшыларына қатысты мемлекетке аса ірі мөлшерде, 4,1 млрд теңге сомасында залал келтірді деген күдікпен, алаяқтық фактісі бойынша тергеу жүргізілуде.