Хабар телеарнасы

Асқар Забикулиннің құрметіне ескерткіш орнатылды

Қорғаныс саласындағы әрбір құтқарушыны бейбіт күннің батыры десек артық айтқандық емес. Олар кәсіби міндетін атқаруда апат орнынан табылып, жанқиярлықпен еңбек етіп жүр. Адам өмірін сақтауда ажалға қарсы тұрған Асқар Забикулинннің ерлігі ел есінде. Оның атына көше берілді. Ескерткіш тақта орнатылып, кино да түсірілді. Енді өзі еңбек еткен нөмірі 6-шы мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне есімі беріліп, еңселі ескерткіші бой көтерді.

Былтыр 16 қарашада Астанада көпқабатты үйлердің бірінде өрт шыққан. Оқиға орнында қызмет еткендердің бірі Асқар Забикуллин адамдар өмірін арашалауда ерлік танытты. Бірақ денесін күйік шалып, 20 қараша күні ауруханада көз жұмған еді. Оның жанқиярлық ерлігі ескеріліп, I дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жыл Батыры» номинациясы бойынша «Алтын Адам» сыйлығы берілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен бейбіт күнгі батырымызға ескерткіш орнатылды.

Сырым Шәріпханов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
-Біздің жастар, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар одан үлгі алып, патриоттық сезімі оянып, өз қызметін жоғары деңгейде істейтініне сенімдімін.

Жеңіс Қасымбек, қала әкімі:
-Асқар батылдықпен, өжеттілікпен өз ісіне адалдықты көрсеткен шын патриот. Адамдар өмірін құтқарамын деп отқа түскен бүгінгі күннің батыры. Асқар Забикулин есімі мәңгі біздің жадымызда, жүрегімізде болады. Батырлардың ардақты есімі еш уақытта ұмытылмайды.

Ескеркішті орнатуға сәулетшілер 1,5 ай уақытын жұмсады. Олар бұл жобаға аса зор ықыласпен қарағандарын айтады.

Айдос Бүркітбаев, ескерткіш авторы:
-Қазіргі батырлардың мүсінін жасау біз үшін үлкен мәртебе. Соңғы өрттен құтқарған кезіндегі бейнесін бейнеледік. Бір өзі демалып, қолына шлемін шешіп, қазақтың даласына қарап тұрған сондай. Болашақтағы жастарға да үлгі болып кетсін деген бейнесін бейнеледік.

Құтқарушылардың бір тобы жуырда ғана Ауғанстаннан оралды. Президент тапсырмасымен 45 азамат үйінділер астында қалғандарды құтқаруға ат салысты. Герат провинциясының губернаторы ауған халқы атынан қазақстандық жедел-құтқару тобына алғысын білдірген.

Оралбек Абыкеев, Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің орынбасары:
-Сонда тұрған 700 үйдің біреуі де қалмай барлығы құлап қалған. Соның ішінде зардап шеккендер көп болды. Сол кезде біздің атқарған жұмыстардың бардығы 211 үйді тазалап шықтық. Біз істеген жұмыстың нәтижесі адамдар жердің астында қалған жоқ. Қалған адамдарды алып, туыстарына бердік.

Саладағы үздің қызметкерлердің бірі — Түркістан облысында. Айдана Тұрсын 3 жылдан бері облыстық төтенше жағдайлар департаментінде еңбек етіп келеді. «Өрмекші қыз» атанып кеткен ол Самарқанд қаласында құтқарушылар арасындағы додада әлем чемпионы атанды. Биыл Түркияда өткен жарыста екінші орын иеленді.

Айдана Тұрсын, өрт сөндіру-құтқару спортынан әлем чемпионы:
-Адамда бірінші кезекте тәртіп, одан кейін алдында мақсаты болуы керек. Мақсаты болған кезде барлығына уақыт табады, барлығын істеуге болады. Менің видео бұлай тарап кетеді деп ойлаған жоқпын. «Сіз «Өрекші қыз» емессіз бе?» деп, бүкіл ғаламторда солай танылып кеттім.

Төтенше жағдайлар министрінің айтуынша, бұл саладағы өзекті мәселенің бірі — кадр тапшылығы. 2 мыңға жуық маман тапшы.

Авторлары: Диана Қадыр, Самат Оспанов, Дархан Кунтуов