Хабар телеарнасы

Әкімшілік істерді жүргізу үрдісі оңтайландырылады

Нақтырақ айтсақ, арыз беруші азамат құқығының бұзылғаны жайлы сотқа жүгінсе жеткілікті. Ал дәлелдерді жинаумен жауапты мемлекеттік мекеме айналысады. Әділет министрлігі Мәжілісте әкімшілік әділет саласын жетілдіруге бағытталған заң жобасын таныстырды.

Вице-министр Алма Мұқанның сөзінше, құқықтық дауларды азаматтық сот ісінен әкімшілік іс жүргізуге кезең-кезеңімен көшіру қажет. Ал даулы мәселелердің көбі жеке сот орындаушылардың ісіне, жер қатынасына, салық және кеден саласына қатысты. Сондай-ақ рұқсат беретін органдардың жұмысына да шағым көп.

Алма Мұқанова, ҚР Әділет вице-министрі:
- Мәселен, сіз құрылысқа рұқсат алғыңыз келіп, мемлекеттік органға жүгіндіңіз. Бірақ олардан еш әрекет болмады. Одан олардың басшылығына арызданасыз. Онда да нәтиже болмаса, әкімшілік сотқа шағымдана аласыз. Ал бұрын мұндай жағдайлар тек дауласумен шектелетін. Енді сот оларды әрекет етуге мәжбүрлей алады.