Хабар телеарнасы

Әуе қорғанысы күштеріне берілген жаңа әскери техника көрсетілді

Жуырда ғана Қазақстанның Әуе қорғанысы күштеріне берілген жаңа әскери техника «Жауынгерлік достастық-2023» оқу-жаттығуында көрсетілді. Сарышаған полигонында авиациямен бірге «Бук-М2» және «Тор-М2К» кешендері шартты жауға қарсы қолданылды. Сценарий бойынша әскерилер әкімшілік-өнеркәсіп орталықтарын, сарбаздар мен стратегиялық нысандарды әуеден төнетін қауіптен қорғауы тиіс.

Сондай-ақ қазан айында Қазақстанда жасалған екі радиолокациялық станция сынақтан өтеді. «Жауынгерлік достастық» оқу-жаттығуында елімізде өндірілген және шетелден алынған ұшақсыз ұшу аппараттары да қолданылды. Елімізде мұндай техниканы «Қазақстан инжиниринг» компаниясы жасайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында Қазақстанда қорғаныс өнеркәсібін дамытудың арнайы қоры құрылатынын айтқан еді. Бұл бастаманы әскерилер құптап отыр.

Серғали Әлімқұлов, Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлері қолбасшысының орынбасары:
- Мұндай мобильді және де тез орнынан қимылдайтын мұндай техникалар біздің әскерімізге оң деп ойлаймын. Сондықтан да жалпы оқу-жаттығулары, бүгінгі біздің жеке құрам осындай техникалармен тек қана бұл техника емес басқа техникалармен де моральдық-психологиялық жағдайы жауынгерлердің жоғары.

Ғани Байсейітов, «Қазақстан инжиниринг» АҚ жанындағы ҒЗО бас директоры: 
- Қарулы күштерімізді отандық ұшақсыз ұшу аппараттарымен қамтамасыз етуге біз дайынбыз. Өйткені біз 5 жылдан бері осы мәселемен айналысудамыз. Мынау біздің таза өзіміздің қазақстандық өнім. Біз сол жағына кепіл береміз.