Хабар телеарнасы

Қазақстанда мектеп салуға 2,4 трлн теңге бөлініп отыр

Елімізде алдағы екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 740 мың орынға шақталған 400 жуық білім ошағын салу жоспарланған. Оның 164 ауылда, 205 қалаларда бой көтереді. Құрылыс жұмыстарына республикалық қазынадан 2,4 трлн теңге бөлініп отыр. Игі бастама аймақтардағы үш ауысым және апатты мектептердің мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді.

Ақмола облысының бірқатар ауданы елорда іргесінде орналасқан. Жыл санап бұл аймақтардағы халық саны өсіп келеді. Әсіресе Целиноград ауданындағы білім ошақтарының жүктемесі ауыр. Сол себепті елорда маңындағы елді мекендерге басымдық берілген. Жалпы өңірде жоба аясында 22 мың орынға арналған 18 оқу ошағы салынады.

Валерий Гамазов, облыстық білім басқарамасы басшысының орынбасары: 
- Дәл осы аймақтарда бізде білім ошақтары жетіспейді. Қазірдің өзінде қажеттілік 13 мың орынды құрайды. Алдағы 3 жылдың ішінде біз бұл мәселені шешеміз деп ойлаймын. Себебі ұлттық жоба аясында салынатын 18 мектептің 8 Целиноград ауданында бой көтереді. Қазір жетеуінің құрылысы басталып кетті.

Ал Шымкент қаласында келер жылы 17 мың оқушы жайлы мектепке барады. Қазір 12 нысанның құрылысы басталған. Мердігерлерге мектептерді заманауи құрылғылармен толық жабдықтап, зертханалық кабинеттермен қамтамасыз ету жүктелген.

Жанат Тәжиева, қалалық білім басқармасының басшысы: 
- «Жайлы мектеп» тізілімі бойынша Шымкент қаласында 18 мектеп белгіледі. Бүгінгі таңда 18 мектептің 12 мектебінің құрылысы басталды. Нысан пайдалануға берілгенде ең басты балаларға бір ауысымда білім беру жүйесіне көшіру, балаларға білім алуға ыңғайлы орта қалыптастыру.

Батыс Қазақстан облысында апатты және үш ауысымды мектептердің саны азаяр емес. Күні бүгін өңірде 12 білім ордасы құлағалы тұрса, 9 мектепке бала сыймай жатыр. Соның бірі Подстепное ауылындағы №1 орта мектеп. 345 оқушыға арналған ғимаратта қазір мыңның үстінде бала оқиды. Келер жылы «Жайлы мектеп» жобасы аясында ауылда 1200 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Ал республика бойынша 740 мың оқушыға арналған 369 білім ошағы бой көтермек.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Нұрсұлтан Мұхамеджан, Ерденбек Жылқайдарұлы