Хабар телеарнасы

Петропавлда жаңа оқу жылы қарсаңында апатты мектеп жабылды

Петропавлда жаңа оқу жылы қарсаңында №19 бастауыш мектеп жабылды. 1959 жылы салынған білім ошағына арнайы комиссия тексеріс жүргізіп, нысан апатты деп танылды. Жауапты мамандардың айтуынша, ескі ғимараттың қабырғалары сөгіле бастаған. Ал оны қайта қалыпқа келтіру мүмкін емес. Сондықтан оқушыларды басқа мектепке ауыстыруға шешім қабылданды.

Бүгінде мұнда 44 оқушы бар. Осыған байланысты ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құжат қабылдау басталды. Жалпы қазіргі таңда облыста төрт апаттық мектеп бар. Оның үшеуі Тайынша ауданында. Сәтін салса, жыл соңына дейін мұнда екі жаңа білім ұясы пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 

Нәзір Жәшібеков, облыстық білім басқармасының басшысы:
- Ата-анараларға жақын маңдағы №4 және 23 мектепке балаларды ауыстыру ұсынылды. Ол үшін арнайы техника бөлеміз. Яғни автобус оқушыларды тегін тасымалдап тұрады. Оған келіспесе, өздері таңдау мүмкіндігіне ие. Ешқандай шектеу жоқ. Ұстаздар қауымы да жұмыссыз қалмайды. Оларға бос орындарды ұсынып жатырмыз.