Хабар телеарнасы

Елімізге Сырдария өзені арқылы су жіберілуі мүмкін

Тамыздың 10-на дейін елімізге Сырдария өзені арқылы секундына 50 текше метр су жіберілуі мүмкін.

Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова бастаған делегация Өзбекстанда болып, өзеннің жоғарғы ағысын аралады. Осы күні көршіміз Бахри-Точик және Тоқтағұлдан келетін судың мол мөлшерін тек өз қажеттілігіне жаратып отыр. Ал қазақстандық шаруалар вегетациялық кезеңде тіршілік нәрінің жетіспеушілігіне тап болды. Кіші Арал теңізіне тіпті тамшы да бұйырмай тұр. Вегетациялық кезең басталмас бұрын Өзбекстан жоғарыдан келетін секундына 300 текше метр суды шілде айында Сырға бұратын болып келіскен. Қазір соның дарияға тек 100 текше метрі құйылады. Оның өзі коллекторлық су. «Достық» арнасына жіберіліп жатқан тіршілік нәрі де осыған жетер-жетпес. Жағдайды Өзбекстан «Чарвак» қоймасы арқылы реттеуді ұсынып отыр. Онда 2 млрд текше метр су жинақталған. Бірақ Өзбекстан мұның қайтарымына кейін электр қуатын сұрауы мүмкін.

Еске салайық, 2021 жылы да біздің шаруалар шіліңгір шілдеде сусыз қалған. Экология министрлігінің өкілдері келісімнің толыққанды орындалуын күтеді.

Бұдан бөлек еліміздің Жамбыл облысында жағдай күрделі. Онда Шу және Талас өзендері бойындағы 5 аудан сусыз отыр. Қант қызылшасын еккен шаруалар шығынға ұшыраймыз ба деп алаңдаулы.

Галидулла Азидуллин, ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі: 
- Су тапшылығы негізінен Жамбыл және Түркістан облысында. Айналым жүйесі арқылы шешіп жатырмыз. Кезекпе-кезек су берілуде.