Хабар телеарнасы

Қажылықта қамауға алынды деген қазақстандықтар қонақ үйге орналастырылды

Әлеуметтік желіде тарап жатқан қажылықта қамауға алынды деген 120 қазақстандық қонақ үйге орналастырылды. Бұл туралы редакциямызға олардың сапарын ұйымдастыруға жауапты «ZamZam Qazaqstan» қажылық компаниясының басшысы Данияр Илиев хабарлады. Айтуынша, отандастарымыз қамауға алынбаған. Тек Сауд Арабиясындағы тәртіп сақшылары визаға қатысты мән-жайды анықтағанша 1,5 тәулік бойы автобуста отырған. Қазір барлығы аман-есен. Шамамен 80 адам қажылық құлшылығын орындауда.

Айта кетейік, жыл сайын елімізден 4 мыңға жуық отандасымыз парызын орындау үшін қажылыққа барады. Қиындыққа ұрынған қажылар шамамен 6 шілдеде Қазақстанға оралады.

Данияр Илиев, «Zam-Zam Qazaqstan» компаниясының директоры: 
- Біздің қазіргі басты мақсатымыз – қажыларымызды аман-есен елге жеткізіп алу. Бәрі Меккеде жүр. Олар келсе толық картина шығады. Сол кезде кімнің қалай ұйымдастырғаны, кімнің подстава жасағаны анық болады. Иншалла, бұған себепкер болған адамдар жауапқа тартылады деген үміттемін.